ТАРИХЫМЫЗ КЕМЕЛДЕНІП, ҰМЫТЫЛЫП КЕТКЕН ДЕРЕК АҚИҚАТҚА АЙНАЛАТЫНЫНА СЕНЕМІН
ҚР Президенті Қ.Ж.Тоқаев 31 мамыр – саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күніне орай тарихи әділеттілікті қалпына келтіру үшін үндеу жариялады. Үндеуде XX ғасырдың 20-50-жылдарындағы саяси қуғын-сүргінге ұшыраған құрбандарды ақтау үшін арнайы мемлекеттік комиссия құрып, халқымыздың тарихындағы қасіретті кезеңді зерделеп, тарихи шындықты ұрпаққа жеткізуді тапсырды.
Президент Қ.Тоқаевтың бұл тапсырмасы Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыратын тағы да бір игі қадамдардың бірі деп санаймын.
Тарихтан белгілі болғандай 1937-1938 жылдары тұтқындалып, сан мыңдаған қазақ жазықсыз екенін дәлелдей алмай «Халық жауы» деген жазамен атылып кетті. Көп жағдайда олардың тұтастай әулеті қуғын-сүргінге ұшырап құрбан болды.
Қазақстанда бұл кезеңде 103 мыңнан астам адам репрессияға ұшырап, шамамен 25 мыңнан астам адам атылған.
Ал «АЛЖИР» деп аталған әйелдер түрмесінде 20 000-нан астам әйел жазықсыздан-жазықсыз тұтқын атанып, қамалды. Олар үш жылдан сегіз жылға дейін бастандығынан айырылды. Ақмоланың әйелдер лагері — Карлагқа қамалды.
Қуғын-сүргінге ұшыраған зиялыларды ақтау процесі 1956 жылы маусымда өткен КОКП-ның ХХ съездінен кейін ғана мүмкін болды. Бірақ көп адамдар, соның ішінде әйелдер өздерінің ақталғаны жөніндегі үкімді 1980 жылдардың екінші жартысында ғана өз қолдарына алды.
Сталиндік қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау тек Қазақстанның өз тәуелсіздігі мен егемендігін алғаннан соң мүмкін болды.
1993 жылдың 14 сәуірінде Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаев «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» Заңға қол қойды.
1997 жылды Н.Ә.Назарбаевтың «Жаппай ұлттық келісім және саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу жылы» деп жариялау туралы Жарлығы шықты. Сол 1997 жылдың 31 мамырынан бастап саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні белгіленді.
Қазіргі Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналған музей 2001 жылдың 2 қарашасында Қазақстан Республикасы тәуелсіздігіне 10 жыл толуына орай ашылды. Республикамызда алғаш жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарына арналып ашылған бұл музей мемлекетіміз бен қоғамымызда әділеттілікті қалпына келтірудегі және өткен ғасырдың саяси қуғын-сүргін құрбандарын мәңгі есте қалдырудағы қамқорлығының айқын дәлелі.
Бұл жылдардағы жазықсыз жаза арқалап «Халық жауы» атанғандардың ақталмағаны әлі де көп деп есептеймін.
Аталарының атылғандарын анық білгендерімен, нақты мәліметтерін ала алмай жүрген ұрпақ әлі де көп. Музей арқылы ізденіп жүрген ұрпақтардың қазіргі күнге дейін санының азаймауы осыған бірден-бір дәлел. 2018 — 2020 жылдар аралығында жаңадан 56 адамның құжаттарын тауып, оларға арнайы іс-құжат папкасын арнадық. Ал, артында ұрпағы қалмаған, іздеуі-сұрауы жоқ атылып кеткендер саны қаншама?
Сол кезде аман қалудың амалымен тегін ауыстырып, белгісіз адамдарға айналған жандардың ұрпақтары сабылып, әлі де аталарының аттарын анықтай алмай жүр. Архивтердегі олардың жеке іс-құжат папкалары толықтай зерттеушілер қолына әлі күнге дейін берілмей келді. Президент үндеуінен кейін арнайы құрылатын мемлекеттік комиссия осы айтылған мәселелер түйінінің шешілуіне зор ықпал жасайтыны анық.
Өз басым Президентіміздің бүгінгі үндеуіне риза болып отырмын. Себебі тарихымыз кемелденіп, құпия болған, тіпті ұмытылып кеткен қаншама деректер ақиқатқа айналады деп сенемін.
Арнайы мемлекеттік комиссияның болашақта тарихи әділеттілікті қалпына келтіріп, жазықсыз жапа шеккендерді анықтап, қасіретті тарихты қасиетті тарихқа айналдырады деп сенім білдіремін!
Гүлмира СЕРІКБАЕВА,
Шымкент қалалық саяси қуғын-сүргін құрбандары музейі директорының орынбасары, ҚР Мәдениет қайраткері