ШЫМКЕНТТЕ 590 ОРЫНДЫҚ КАРАНТИНДІК ОРТАЛЫҚ АШЫЛДЫ
Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қарастырылған қосымша карантиндік төсек орындардың дайындығымен танысты.
Қосымша карантиндік орындар қаладағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетіне қарасты №4, 5 жатақханасында дайындалған. №5 жатақхана «Нұрсат» шағынауданында, ал №4 жатақхана «Отырар» шағынауданында орналасқан.
Қала әкімі жатақханалардағы медициналық бекеттердің жабдықталуы мен тұрмыстық жағдайларының мүмкіндігімен танысты. Айта кетейік, №5 жатақхана 240 орынға және №4 жатақханада 350 орынға лайықталған. Бұл екі жатақхана да мемлекеттік жекеменшік әріптестік аясында салынған. Онда тұрақтаушыларға арнап лайықты жағдай жасалған.
Карантиндік станционарға коронавирус инфекциясының таралуын алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында басқа өңірлердер жұмыстан қайтқан қызметкерлер мен шетелден келген азаматтар жатқызылады.
Олар медициналық ұйымда дәрігерлердің қатаң бақылауында болып, орталық мамандары коронавирус инфекциясы бойынша жұмысшылардан анализ сынамаларын алады. Екі күндік медициналық бақылаудан кейін жұмысшылардың анализ сынамалары теріс нәтиже көрсетсе, серіктестік жұмысшылары карантиндік стационардан үй карантиніне жіберіледі. Он екі күн бойы үй карантинінде серіктестік жұмысшылары жергілікті емханадағы медицина мамандарының бақылауында болады.
Қазіргі таңда Шымкент қалалық ижұқпалы аурулар ауруханасынан басқа тағы 2 привизорлық орталық бар. «Атамекен» оңалтау орталығы 380 төсекорындық. Ал, «Мейірім» оңалту орталығы 170 төсек орынға лайықталған. 2-ші реабилитациялық орталықта 110 төсек орын бар
Енді бұған қос жатақхана базасында жасақталған 590 орын қосылды.
Қазіргі таңда қала бойынша 534 адам карантиндік және провизорлық төсекорында жатыр. 670 адам үй карантинінде отыр. Барлығы қатаң дәрігерлердің бақылауына алынған, қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Айгүл Бекбауова.
Карантиндік орталықты көріп шыққан қала әкімі Мұрат Әйтенов індеттің таралуын алдын алу және азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға оң баға беріп, жоспарлы жұмыстарды барынша жүйелеуді тапсырды.