«МӘҢГІЛІК ЕЛ» ИДЕЯСЫНЫҢ ҚҰНДЫЛЫҚТАРЫ ЖӘНЕ ДІНИ ЭКСТРЕМИЗМНІҢ АЛДЫН АЛУ

 Ата Заңымызда анықталғандай, Елбасы мәртебесі мен міндеттерінің бір парасы жыл сайын халыққа арналған  Жолдауын жариялау болып табылады. Алғаш рет осынау конституциялық міндетін Тұңғыш Президент Н.Назарбаев 1997 жылы атқарған еді. Содан бері жылдың басты оқиғалары қатарына кіргеніне қоса, Жолдау әрбір қазақстандық асыға күтетін құбылысқа айналды. Оның басты себептері мынаған саяды:

Біріншіден, құжат еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін назардан тыс қалдырмайды. Балабақша, білім беру, денсаулық сақтау, зейнетақы, жәрдемақы мәселелерін ешбір Жолдау айналып өткен емес.

Екіншіден, азаматтардың ірілі-ұсақты тіршілік түйткілдерін шешкен жолдауларда ұлы міндет – тәуелсіздікті бекемдеу, мемлекеттілікті қалыптастыру, ел ішілік ынтымақ пен келісімді сақтау көзделді, нақты тетіктері дәйектелді, діттеген межелер нақтыланды. Құрғақ уәдеге, даңғазалыққа, дара қылыққа орын берілмей, халықтың сенімі мен қолдауына ие болды.

Үшіншіден, жолдаулар Қазақстанның әлемдік қауымдастыққа кірігуіне, бәсеке мен сын-қатерлерден бойды аулақ салмай, төтеп беруге, аман-есен өтуіне, халықаралық қатынастардың танымал да белсенді субъектісіне айналуына қызмет еткенін ерекше атап өтуіміз керек.

Шынында қай ел, қай халық болмасын жер бетінде мәңгі жасауға ұмтылады. Соңғы мың жылдықтың ішінде тарих сахнасына шыққан, басынан талай аумалы-төкпелі замандар өткізген, ақын тілімен айтқанда «мың өліп, мың тірілген» қазақ жұртының мәңгілік жасауға құқығы бар деп ойлаймын. Еуразияның ортасында ұлан-байтақ жері бар, миллиондаған адам сөйлейтін тілі бар, қасиетті діні бар халқымызға соңғы 2,5 ғасырда жетпегені тәуелсіздік еді.

Алайда ғаламдық жаһандану дәуірінде алыстағы алпауыт мемлекеттердің әсері күшейе түсуде, ал іргеде отырған державалардың империялық пиғылы әсте төмендеген жоқ. Оны әлемде соңғы кездерде болып жатқан оқиғалар мен процестер айғақтауда. Сондықтан Мәңгілік Ел сөзі — Мәңгілік тәуелсіздік ұғымымен астасады. Тәуелсіздігімізді көздің қарашығындай сақтап келесі ұрпаққа аманат ету — міне ересек ұрпақтың, яғни біздердің міндетіміз. Бұл үшін тек елді қорғау, жерді қорғау, тілімізді сақтау аздық етеді. Кез-келген тәуелсіздіктің тірегі ұлттық экономиканың даму деңгейіне, әлеуметтік-саяси мәселелердің шешілу дәрежесіне байланысты екенін ескерсек, әр қазақ баласы, әрбір қазақстандық Отан игілігі үшін аянбай еңбек етіп, тер төгуі керек-ақ.

«Мәңгілік Ел» идеясында Н.Ә.Назарбаев басты жеті құндылықты атап көрсетті:
«Біріншіден, бұл – Қазақстанның тәуелсіздігі және Астанасы. Тәуелсіздік дегеніміз – елдің егемендігі, халықтың бостандығы, сана еркіндігі. Елдің аңсарлы азаттығы, елшілдік-ұлттық санасы, тарихымен қоса, рухани құндылықтары, рухы. Бұл бірнеше ғасырлар бойы халықтың армандаған қасиетті ұғымы. Арман болып жеткен тәуелсіздігімізді, ендігі жерде сақтап қалу біздің халқымыздың ең қасиетті борышы.

Екінші құндылық, бұл – қоғамымыздағы ұлттық бірлік, бейбітшілік пен келісім. Біздің халқымыз – өзгеге қыспақ көрсетпек түгіл көмекке мұқтаж кез-келген ұлттың өкілін бауырына баса білген дана, мейірімді халық. Қазақ халқы сан ғасырлар бойы егемендігі мен тәуелсіздігі үшін күресіп келді. Өзінің ең жақсы қасиеттерінің: қатер төнген сәттерде бірігіп, ұйымдаса білуінің, сондай-ақ басқа халықтармен бейбітшілік, келісім мен тату көршілік жағдайында тұруға деген ынта-ықыласының арқасында ол тарих тасқынының астында қалып қоймай, өзінің дербестігін, тәуелсіздігін сақтап, мемлекеттігін қалпына келтіре алғандығы тарихтан да аян. Сондықтан біздің ең басты мақсатымыз – тату-тәтті ынтымағы жарасқан көп ұлтты халқымыздың тыныштығы мен көркейіп өсуі. Қасиетті тәуелсіздігімізді –мықтап ұстап тұру.  Ел дегенде, жер дегенде – білегін сыбанып, іске дайын тұратын, еліміздің жарқын болашағы үшін күресе білетін, намысты ұрпағымыз болса, қоғамымыздағы ұлттық бірліктің іргесі шайқалмаса, ұлтымыз өз әдет-ғұрпын, таза тілін сақтаса Мәңгілік ел боламыз, бұл – жеңіске жетуіміздің негізгі кепілі. Қазақ халқы өзінің тарихи негізгі ұлттық құндылықтарын өзі де танып, өзгеге де танытып, ұлттық тілін құрметтеп, жас ұрпақты ұлттық рухта тәрбиелегенде ғана руханияты жоғары, зайырлы қоғам бола алады. Бұл – біздің үшінші құндылығымыз.

Ғасырлар бойы басқыншылық-шапқыншылық, соғыстарға, отарлау езгісіне, әдейі ұйымдастырылған ашаршылық пен босқыншылықтарға, саяси қуғын-сүргіндерге және тағы басқа озбырлықтарға ұшыраса да осы күнге дейін негізгі халықтық-ұлттық ділін сақтаған қазақ ұрпақтарының ұлттық рухта тәрбиеленуі – аса зәру мәселе екендігі айқын сезіледі.
Елбасы төртінші құндылық, бұл – индустрияландыру мен инновацияларға негізделген экономикалық өсім екендігіне тоқтала отырып, әрбір қазақстандықтардың әл-ауқатының жақсарып дамыған отыз елдің қатарына қосылудың бірден-бір сара жолын анықтап берді.

Бесінші құндылық, бұл – Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы. Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы Елбасының қазақстандық қоғамның бүгінгі, жаңа замандағы бейнесі деуге болады. Президент Н.Ә.Назарбаевтың жаңғырту үрдістерінің табыстылығын жүзеге асыратын басты қағидалардың бірі ынталандыру. Адал еңбекке ынталандырудың жолын табу, еңбек табыстарын қоғамдық ынталандырудың жүйесін құру Қазақстандағы әлеуметтік жаңғыртудың аса маңызды мәселелерінің бірі.

Алтыншыдан, бұл – тарихтың, мәдениет пен тілдің ортақтығы;
«Өз тарихын,  өз философиясын білмейінше және оған белгілі бір көзқараста болмайынша ешқандай да мәдениеттің дамуы мүмкін емес», — дейді көрнекті түркітанушы ғалым Л.Н.Гумилев. Еліміздің сан ғасырлық дәстүрін, ата-баба салтын, әдебиеті мен өнерін өзінің бар болмысымен сақтай отырып, оларды әлемдік өркениет өрісіне қарай өрістете отырып, мәңгілік ел болу идеясын ұсынды. «Ана тілі –бәріміздің анамыз, өйткені, ол-ұлтымыздың анасы». «Толыққанды тілсіз – толыққанды ұлт болуы мүмкін емес». Ана тіліміз – біздің бүгініміз үшін де, ертеңіміз үшін де мәңгіліктің тілі. Нұрсұлтан Әбішұлы «Қазақстан — 2050» Стратегиясын жариялаған Жолдауында айқын атап көрсеткеніндей: «Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәніндегі мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде, біз елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз». Түпкі мұрат – тәуелсіз елімізді Мәңгілік Ел ету.

Жетінші құндылық, бұл-еліміздің ұлттық қауіпсіздігі және бүкіләлемдік, өңірлік мәселелерді шешуге жаһандық тұрғыдан қатысуы.
Қазақстанның барлық бастамалары, Президентіміз ұйытқы болған бастамалар әлемдік қоғамдастық тарапынан кеңінен қолдау тапты. Еліміз өзінің шешімдерімен және белсенді қызметімен жаһандық және өңірлік қауіпсіздікке орасан зор үлес қосты. Оны қару-жарақты еселеп көбейту және басқа елдерге қатер төндіру есебінен емес, ашықтық, тең құқықты әлемдік ынтымақтастық, жасампаздық және басқа елдермен сындарлы үнқатысу орнату арқылы айғақтауда.

Қазіргі кезде жоғары оқу орындарында тәрбие беру мәселесіне жаңаша көқарас тұрғысынан қарауды және студенттердің патриоттық сана-сезімін, сапаларын, мінез-құлқын қалыптастыруды көздейтін тәрбиенің формалары мен әдістерін жетілдіруді талап етеді. Бұл бүгінде байсалдылық, табандылық, батылдылық, батырлық, қайсарлық туралы білім ғана емес, өнегелік, тәрбиелік көрсету қажет болып отырған уақытта аса маңызды.

Аталған мәселелердің негізін шешуде енді не істеу керек? Біріншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын зерттеуде, насихаттауда, оқу үдерісіне енгізуде самарқаулыққа жол бермеу керек. Бұл істен барша зиялы қауым, сая­си партия­лар, қоғамдық бірлестіктер, үкіметтік емес ұйымдар, БАҚ тыс қал­мауына Парламент пен Үкімет, Президент Әкімшілігі жағдай жасағаны абзал.

Екіншіден, заманауи ұлттық идеямызды балабақшада тәрбиеленіп жатқан бүлдіршіндерден бастап оқушыларға, студенттерге, жастарға жеткізу үшін бар күшті салған артықтық етпейді. Осылардың санасына, өмір салтына сің­ген құндылық пен сенім «Мәңгілік Ел» ор­натудың қозғаушы күші болары күмәнсіз.

Үшіншіден, «Мәңгілік Ел» идеясын қазақстандық кәсіпкерлер, бизнесмендер, бай-бағландар қолдауының маңызы зор. Олар ғалымдармен ынтымақтасуы арқылы мәселені тереңінен зерделеген еңбектердің дүниеге келуіне септесер еді.

Төртіншіден, болашағы жарқын ұлттық идеямызды Қазақстандағы барлық этнос­тар мен аймақтарға жеткізу атқарылар іс-шараның бір парасы ғана. Ол әлемдік ақпараттық, ғылыми кеңістіктерден ойып тұрып өз орнын алуы керек.

Дәл қазіргі уақытта «терроризм», «экстремизм» мәселесі одан әрі маңызды болып табылады. Біз барлығымыз сіздермен Францияда, Ресейде, Сирияда, Йеменде, АҚШ-да және басқа елдерде жуырда болған қатыгез лаңкестіктің куәгері болдық. «Экстремизм»,  «терроризм» мәселесі – бүкіл адамзаттың мәселесі.

Құрманалиева Айгерім Абжаппарқызы – Шымкент қаласы, МКҚК  №4 колледж оқытушысы, жаратылыстану ғылымдарының магистрі.

Шаншаров Жасұлан Сағындықұлы — МКҚК  №4 колледж, Шымкент қ., МКҚК  №4 колледж студенті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444