ШЕШЕН ЭТНОСЫ АЛҒЫС АЙТУ КҮНІНІҢ ҚАРСАҢЫНДА АС БЕРДІ
Шымкент қаласындағы шешен-ингуш этномәдени бірлестігінің мүшелері Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы және 1 наурыз — Алғыс айту күніне арнап, кезінде депортацияға ұшыраған алдыңғы буын өкілдерінің құрметіне арнайы жиын өткізіп, бұқараға ас берді. Шараға Шымкент қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары М.Қалмұратов, «Қоғамдық келісім» КММ басшысы Е.Байқонақов, сондай-ақ, бірқатар этномәдени бірлестіктердің төрағалары, жергілікті тұрғындар мен шешен-ингуш этносының мүшелері, т. б. қатысты. Шара барысында сөз сөйлеген М.Қалмұратов жайылған дастарханға ниеттестігін жеткізе отырып, барша азаматтардың қолданыстағы заңдылықты сақтауы қажеттігін, барлық этностарды қазақ халқының маңына топтасуы тиістігін тілге тиек етті. Сонымен қатар, сөзге шыққан шешен этносының ақсақалдары өздеріне кезінде қазақ халқының ерекше қолдау көрсетулерінің арқасында бүгінгі заманға аман-есен жетіп отырғандарын айта келіп, барша қазақ халқына айырықша алғыстарын жеткізетіндіктерін білдірді. Шара соңында құран оқылып, бата жасалды.