EXPO 2017: Орталық Африка Республикасының ұлттық күні атап өтілді
ЭКСПО халықаралық көрмесі аясында Орталық Африка Республикасының ұлттық күні өтіп жатыр. Айта кетейік, бұл елдің павильоны жуырда халық ең көп баратын көрме кешені тізімінде көш бастаған болатын. Павильон негізінен 21 елдің экспозияциялары тұратын Африка плазасында орналасқан. Жалпы Орталық Африка Республикасы табиғи ресурстарға өте бай. Бұл ел алмаз, уран, алтын мен мұнай өндіреді. Сонымен қатар елде орман және су ресурсының қоры мол. Бұл ел негізінен су энергиясына басымдық береді. Дегенмен ел экономикасы ауыл шаруашылығымен тығыз байланысты. Банан, жүгері және түрлі табиғи азық-түліктерді экспортқа шығарады. Орталық Африка Республикасы баламалы энергия көздерін пайдалануға ерекше ден қойып келе жатыр. Олай деуге негіз де жоқ емес, өйткені ел астанасы Банги мен өзге де қалаларда соңғы уақыттарда жарықтандыру мақсатында күн панельдерін кеңірек қолдануды жолға қойылып келеді. Сонымен қатар соңғы уақытта жарықтандыру мәселесі өзекті болғандықтан, күн панельдері және күн батареяларынан құрылған парк құруды қолға алуды да мақсат тұтып отыр. Жалпы Орталық Африка Республикасының Астанада өтіп жатқан EXPO халықаралық көрмесіне келуінің басты себебі инвесторлар тарту болып табылады екен. Яғни өздерінің озық технологияларын алдағы уақытта жүзеге асыру мақсатында қаржы және инвестор табуды көздеп келген екен.
Коягазомо Джоахим, ОАР Сауда және индустрия министрлігінің сауда инспекторы: — Орталық Африка Республикасының басым бөлігі орманды әрі судың қоры да мол. Нақтырақ айтсақ , ел аумағының 5 млн гектар жері орманды алқап. Сондықтан Баламалы энергия көздерін дамыту біз үшін маңызды болмақ.
Африка үшін ең бастысы әлеуметтік-экономикалық даму, дау-жанжалды аймақтық деңгейде шеше білу және жақсы үкімет қалыптастыру. Қазақстан болса, африкалық мемлекеттермен сауда-экономикалық қарым-қатынас орнатуда, сондай-ақ, халықаралық ұйымдарда Африка елдерінің қолдауын табуда пайда көре алады. Айта кетейік, сонымен қатар, ядролық қарудан бас тарту мен ядролық полигонды жабуда да қол ұшын соза білді.