EXPO қалашығында Аргентинаның ұлттық күні тойланды

EXPO қалашығындағы Аргентина күні Латын Американың мың бұралған, сезімді қоздырар биімен басталды. Тангоға мың бұралған жұптың өнері Аргентинаның тағы бір «гаучолардың» ұлттық биі «маламбоға» ұласты. Аргентинаның ұлттық күнінің салтанатты ашылу рәсіміне екі елдің ақпарат министрлері қатысты. Дәурен Абаевтың айтуынша, Қазақстан үшін латынамерикалық бұл ел әсем табиғатымен, ұлттық ерекшелігімен және бай мәдениетімен қызықты. Сондай-ақ ведомство басшысы Аргентина павильонына келушілердің қарасы қалың екенін байқады. EXPO аясында бұл мемлекет «жасампаз энергияға» қатысты тың жобаларын таныстырады. Өз кезегінде Эрнан Ломбарди Астанадағы көрменің өзектілігіне тоқталды. Оның айтуынша, «болашақ энергиясы» тақырыбы – Аргентина үкіметінің басты бағыттарының бірі. Дәурен Абаев, ҚР Ақпарат және коммуникация министрі: – Аргентина республикасын ұлттық күнімен құттықтаймын. Ең алдымен Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен өтіп жатқан EXPO-2017 халықаралық көрмесіне ресми қолдау көрсеткені үшін Аргентина республикасына өз алғысымды білдіремін. Эрнан Ломбарди, Аргентинаның БАҚ және қоғамдық пікір федеральды жүйесі министрі: – Баламалы қуат көздерін игеруді еселеу үшін энергетикалық қалыпты өзгерту процесі ұзақ болса да, алғашқы қадамдарды бастадық. Біз ғаламшарымыздың болашағына бейжай қарай алмаймыз және жаңармалы қуат көздерін дамыту қажеттілігі мен экономиканы тұрақтандыру арасында алтын көпір салғымыз келеді. Салтанатты шараға Аргентинаның ғылым және инновациялық өндіріс министрі Лино Баранао да қатысты. Оның ойынша, энергетикалық даму – жаһан алдында тұрған басты тапсырма. Қазақстан мен Аргентина өкілдері «Нұр Әлем» ұлттық павильонын да аралап шықты. Айта кетейік, Аргентина астанасы Буэнос-Айрес 2023 жылы қаңтар мен сәуір аралығында EXPO көрмесін өткізуге үмітті шаһарлардың бірі. Жобаларына «Цифрлы даму заманындағы шығармашылық индустрия» тақырыбы арқау болмақ.


Сондай-ақ, EXPO-2017 көрмесінде Аргентинаның ұлттық күні аясында латынамерикалық ел мен Қазақстан құрамасы поло ойынынан жолдастық кездесу өткізді. Ат спортының бұл түрі Аргентинада жақсы дамыған. Ал біздің елде енді қолға алына бастады. Ат құлағында ойнаған жігіттеріміз тәжірибелі қарсыластармен тең дәрежеде ойын көрсеткенімен, 5:3 есебімен есе жіберді. Дегенмен шабандоздар кездесуден үлкен тәжірибе жинады. Еліміздің Ұлттық спорт қауымдастығы өкілдерінің айтуынша, бүгінде өңірлерде поло ойнайтын шағын командалар бар. Алдағы уақытта солардың басын біріктіріп, ат спортының осы түрін дамыту жоспарда тұр. Фернандо Швайцер, Аргентиналық команданың ойыншысы: – Ойын керемет өтті. Барлығы жоғары деңгейде ұйымдастырылған. Жалпы поло ойыны Қазақстанда енді дамып келе жатыр. Мұндағы аттар көкпарға машықтанған. Бірақ ат спорты болғандықтан қазақстандықтар полоны тез меңгеріп алады деп ойлаймын. Және өздерін әлемдік деңгейде көрсетуіне мүмкіндігі мол. Ал біз тәжірибе алмасуға әрқашан әзірміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444