2020 жылдан бастап медициналық көмек екі түрлі пакет бойынша көрсетіле бастамақ

Біріншісі – кепілдендірілген тегін медициналық көмек пакеті.

Кепілдендірілген тегін көмек (ТМККК) пакеті ең минималды стандарттардан тұрады. Оған қандай қызметтер кіреді? Дәрігерлік көмекті қажет ететін шұғыл жағдайларда көмек көрсету, жедел жәрдем, санитарлық авиация, бірқатар созылмалы ауруларды динамикалық бақылау, шұғыл жағдайда стационарда емдеу осы пакет шеңберінде жүзеге асырылады. Мұны барлық азаматтар, сақтандырылған-сақтандырылғанына қарамай пайдалана алады.

Мемлекет тарапынан кепілдік берілген көмек бойынша барлық азаматтар: емханаға қаралып, стационарда жатып емделе алады; әлеуметтік маңызы бар аурулар осы пакет негізінде тегін емделеді. Медициналық оңалту қызметін тек туберкулезге шалдыққандарға ғана пайдалана алады. Зәру азаматтарға тегістей паллиативтік көмек көрсетіледі. Негізгі жұқпалы емес аурулар мен қоршаған ортаға қауіп төндіретін жұқпалы аурулар да осы тәртіп бойынша емделеді.  ТМККК пакеті азаматтардың бәріне, бюджет есебінен тегін көрсетіледі. Сондықтан да бұл кепілдендірілген стандарт болып саналады.

Көмектің екінші деңгейі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) пакеті. Бағасы қымбат болып келетін операциялар, сирек медициналық қызмет түрлері, салалық мамандардың қабылдауы сынды т.б. қызметтер кіретін МӘМС пакетін сақтандырылғандар пайдалана алады.

МӘМС пакетіне табысы орташа азаматтардың қалтасы көтере бермейтін: МРТ, компьютерлік томография, ПЦР-анализ сынды қызметтер де енгізілді. Сондай-ақ, кепілдендірілген тегін көмек пакетіне енбеген сырқаттарға шалдыққан жағдайда стационарды алмастыратын көмек пен жоспарлы стационарлық көмек те МӘМС пакеті шеңберінде көрсетіледі.

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың бізге не қажеті бар? Біздің елде азаматтар денсаулыққа жұмсалатын жалпы шығынның 40 процентін өз қалтасынан төлейді. Дәрі-дәрмек сатып алады, ақылы клиникаларға қаралады. Мұның отбасы бюджетіне едәуір салмақ түсіретіні даусыз. Жаңа жүйе осы шығындардың белгілі бір бөлігін сақтандыру есебінен жабуға мүмкіндік береді. Реформаның маңызы міне, осында.

Д.ГАБДЫГАПАРОВА,

«Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры»

коммерциялық емес акционерлік қоғамының

Шымкент қаласы бойынша филиалының

эксперты

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444