Шымкентте жыл басынан бері бес мыңнан астам жас маман практикадан өткен
Жыл басынан бері Шымкенттегі 640 мекеме мен ұйым тарапынан жастар практикасын ұйымдастыру бойынша өтініш түскен. Осы кезең ішінде 5689 уақытша жұмыс орындары бекітіліп, 367 мекеме және ұйымдармен келісімшарт түзілген.
Бүгінде Шымкенттің еңбек нарығында денсаулық сақтау саласының мамандары (тіс дәрігерлері, акушерлер, медбикелер), техниктер мен технологтар, стандарттау және сертификаттау мамандары, жергілікті мемлекеттік басқару органдарының мамандары, биологтар, мұнай және газ кәсібінің иегерлері, туризм және ауылшаруашылық мамандары үлкен сұранысқа ие.
Шымкент қалалық жұмыспен қамту орталығы жас буын өкілдерін «Жастар практикасы» бағдарламасы бойынша алғашқы еңбек тәжірибесінен өтуге шақырады. Бұл бағдарламаға техникалық, кәсіби орта арнаулы оқу орындарын бітірген, жоғары білім алған және жоғары білімін жетілдірген, оқу орнын соңғы үш жылға дейінгі кезең ішінде бітірген, жасы 29-ға дейінгі жастар қатыса алады. Жастар практикасы бойынша жұмыс уақытша сипатта болып, ол алты ай мерзімге ғана жалғасады.
Жастар практикасы қаржыландыру республикалық бюджет есебінен жүргізіледі. Бүгінгі таңда бір айлық еңбек ақы көлемі 63 125 теңгені құрайды.
Жастар практикасы барлық меншік түріндегі мекемелер мен ұйымдарда жүргізіледі. Тиісті өтінішті бір жылдан кем емес мерзім бойынша жұмыс істейтін жұмыс берушілер бере алады. Жастар практикасы бойынша мекемелер мен ұйымдарда ашылатын жұмыс орындарының санына шектеу қойылмайды.