МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕ ЖАСТАРДЫ ТАРТУ
Елбасымыз Н.Назарбаевтың 2018 жылғы халыққа арналған «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауында 2019 жыл «Жастар жылы» деп жарияланды.
Бүгінде тәуелсіз елдің тірегі, талантты жастар өз болашағын жарқын етуге дайын. Осындай күш жігері тасыған, талантты жастар мемлекеттік қызметке өте қажет.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің 1-тоқсандағы есебі бойынша бүгінде Шымкент қаласында 29 жасқа дейін 409 жас мемлекеттік қызметшілер жұмыс істейді. Бұл барлық мемлекеттік қызметшілердің 22 пайызы.
«Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» Қазақстан Республикасының Заңының талаптарына сәйкес, мемлекеттік лауазымдарға тиісті біліктілік талаптарына сай келетін, өзінің жеке және кәсіби қасиеттері, денсаулық жағдайы, білім деңгейі бойынша өзіне жүктелген лауазымдық міндеттерді атқаруға қабілетті және Қазақстан Республикасының заңында белгіленген зейнеткерлік жасқа жетпеген Қазақстан Республикасының азаматтары қабылданады. Еліміздің әрбір азаматына мемлекеттік қызметке тең қол жеткізу құқығы қамтамасыз етілген.
Ағымдағы жылдың басында Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің кешенді жоспарына сәйкес, Шымкент қаласында «Мемлекеттік қызмет мектебі» құрылып және ЖОО студенттерін іріктеу жұмыстары жүргізілді.
Іріктеуге Шымкент қаласының 6 ЖОО-ның (М.Әуезов атындағы ОҚМУ, М.Сапарбаев атындағы ОҚГИ, Мирас университеті, Халықаралық гуманитарлық-техникалық университеті, Қазақстан халықтар достығы университеті, ОҚМФА) 4 курс студенттері қатысты. Іріктеу барысында, студенттерге мемлекеттік қызметке орналасудың тәртібі түсіндіріліп, сұрақтарына жауаптар берілді.
Аталған жобаның басты мақсаты — мемлекеттік қызметке талантты және ынталы жастарды тарту.
Нәтижесінде, «Мемлекеттік қызмет мектебіне» ЖОО 100-ге жуық үздік бітіруші студенттері іріктеліп алынды. Студенттер өмірлік және кәсіби тәжірибе алмасу үшін мемлекеттік қызметте болып жатқан жаңа реформалармен танысу үшін Шымкент қаласындағы мемлекеттік органдардан практикадан өтті.
Жастардың білімдерін жетілдіру үшін «Мемлекеттік қызмет мектебінің» студенттеріне ҚР Президенті жанындағы мемлекеттік басқару Академиясының Шымкент қаласы бойынша филиалында Департамент қызметшілері өз салалары бойынша 2 апталық оқытулар өткізді.
Қазіргі таңда «Мемлекеттік қызмет мектебінің» студенттері «Б» корпусының мемлекеттік әкімшілік лауазымдарына орналасу үшін Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге арналған тестілеуден өту үшін «электрондық үкімет» веб-порталына тіркеліп, дайындалу үстінде. Тесттен өткен студент жастарға «Мемлекеттік қызмет мектебінің» сертификаттары беріледі. Бұл жоба жыл сайын жалғасын табатын болады.
«Жастар жылында» біздің «Мемлекеттік қызмет мектебінің» жастары Қазақстан Республикасының заңнамаларын білуге арналған тестілеуден оң нәтиже алатынына, мемлекеттік қызметке орналасып, еліне адал қызмет ететіне сеніміміз мол.
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас
жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің
Шымкент қаласы бойынша департаментінің
бас маманы Л.Маденова