ЭКСПО-2017 көрмесі елшіліктердіңі жұмысын жандандыра түсті
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Ақордада дипломатиялық миссиялар мен xалықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесіп, сыртқы және ішкі саясаттың негізгі басымдықтары туралы айтып берді. Ал Ресей Федерациясының Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Миxаил Бочарников шетелдің барлық дипломаттары атынан сөз сөйледі. «Ашығын айту керек, ЭКСПО-2017 көрмесі дипломатиялық корпустың өмірін жандандыра түсті. Бұған дейін Астанадағы елшілердің уақыты ондай тығыз болған емес. Біз күнде бірнеше делегациямен кездесеміз. Көрме қатысушыларының ұлттық күндері өтеді. Одан кейін салтанатты қабылдаулар және тағысын тағы. Уақыт жетпейді», — деді Бочарников. Осы орайда ресейлік елші күнделікті шараларды ұйымдастыруға атсалысатын сыртқы істер министрлігі, дипломатиялық корпусқа қызмет көрсету басқарамасы мен Астана әкімдігіне барлық дипломаттардың атынан алғыс білдірді. «Бізге Қазақстан облыстарының инвестициялық-экономикалық мүмкіндіктерін таныстырып отырады. Сыртқы істер министрлігі ұйымдастырған жаңажылдық бал да елшілер арасындағы байланыстарды нығайтуға өз септігін тигізді. Дәл осы шара дәстүрге айналады деп сеніміз», — деді Бочарников. Айта кетейік, бүгін ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев елімізде тіркелген дипломатиялық миссиялар мен xалықаралық ұйымдардың өкілдерімен кездесті. Мемлекет басшысы «ЕАЭО-ШЫҰ-ЕО» ынтымақтастығын дамыту қажеттігін жеткізді. Сондай-ақ, Президент МАГАТЭ-ның уран банкі ашылатын күнді жариялады. Президент Қатар мәселесін шешуге алаң ұсынуға даяр екенімізді де жеткізді. «Осы орайда айта кеткен жөн, бітімгерлік миссия біздің сыртқы саясатымыздың басты бағыты болып қала бермек. Қазақстан бейбіт келіссөздерді жүргізуге жағдай жасайтын мемлекет болды, болады да. Былайша айтқанда, «әділ брокер» қызметін жалғастыра береді», — деп атап көрсетті Президент.