Біріккен Араб Әмірліктерінің қарқынды дамуының сыры неде?
Бұл сауалдың жауабын іздемес бұрын, ең әуелі араб тілінде, содан соң 2012, 2014 және 2015 жылдары ағылшын тілінде үш мәрте жарық көрген Дубай Әмірі және Біріккен Араб Әмірліктерінің (БАӘ) премьер-министрі әрі вице-президенті шейх Мұхаммед ибн Рашид Әль Мақтумның «My Vision. Challenges in the Race for Excellence» («Менің ұстанымым. Даму сайысындағы сынақтар») атты кәусәр да мөлдір ниет бұлағынан бастау алған және шынайы әділет қағидаларына негізделген заманауи туындысына терең талдау жасаудың жөні бар.
Біріншіден, шейх Мұхаммед ибн әл Мақтум өз туындысына жазған кіріспе бөлімінде Мұхаммед пайғамбардың күллі мұсылмандарға жолдаған: «Егер сендер өз бастарыңа тілеген жақсылықтарды өзге қандас бауырларыңа да дәл солай тілемейтін болсаңдар, онда ешқайсыларың да шынайы мүмин бола алмайсыңдар» деген өсиетіне бекер сілтеме жасамаған сыңайлы. Себебі шейх бірде, дәлірек айтқанда, Рамазан айының соңғы онкүндігі кезінде бейтаныс бір журналистің өзіне қойған тосын сауалы қатты ойландырғанын еске алады. Сөйтсе, әлгі журналист шейхтен: «Егер Қадыр түні Алла сізді жарылқай қалса, не қалаған болар едіңіз?» десе керек. Сонда шейх: «Мен Алланың Әмірліктер мен туған халқымның көсегесін көгерткенін қалар едім» деуге ыңғайлана беріп, кілт іркіліп қалыпты. Себебі дәл сол мезетте оның ойына жоғарыдағы Мұхаммед пайғамбардың күллі мұсылман қауымына жолдаған әлгі қасиетті өсиеті түсе қалады да, тәубесіне келіп: «Егер мен әлгі арман-қалауымды жария етіп жіберген болсам, Алладан тек өзіме етене жақын Әмірліктер мен өз халқыма ғана жақсылық тілеп, өзге арабтардың мүддесін тәрк еткен болар едім ғой», деп сабасына қайта түседі. Демек, әлгі қас қағым сәтте шейх әлемдегі ең құнды ұстанымдардың төресі әділет екенін терең түйсінген. Кәдімгі бір «Тура биде туған жоқ, туғанды биде иман жоқ» деген бабалармыздың аталы сөзін қайталап тұрған секілді.
Екіншіден, шейх Мұхаммед ибн әл Мақтумның көкейкесті нысаналарының енді бірі БАӘ-ін тек аймақтық көшбасшы мемлекет болуымен ғана шектемей, білім мен ғылымы қатар өріс алған, рухани, мәдени әрі экономикалық дамудың барлық бағыттары бойынша күллі әлемге үлгі болатын іргелі халықаралық хабқа айналдыру еді.
Үшіншіден, жоғарыда аталған биік мұраттармен қатар Дубай әмірі БАӘ-нің халыққа көрсететін қызметтің қай түрінде болмасын, туризм саласында болсын, тіпті креативті адами ресурстарды дамытуда болсын, әлемнің ең алдыңғы шебінде болуын бірінші орынға қоятын.
Төртіншіден, шейх өз халқының күллі әлеуеті мен әл-аухатын биіктетуді негізгі мақсаттардың бірі деп санап, солай ету арқылы ел басқару жүйесінің тиімділігін құрғақ сөз емес, нақты істермен дәлелдеп, көшбасшылық көрегендікпен өзі белгілеген мақсаттарды толық іске асыру үшін іріктеген командасының іскерлік қабілетін ұштауға ерекше басымдық беретіні де айқын сезіледі.
Бесіншіден, туынды авторының түбегейлі мақсаттарының енді бірі тек Біріккен Араб Әмірліктерінің ғана емес, күллі араб әлемінің де жоғарыда аталған ұлы мақсаттарға қол жеткізуіне барынша атсалысу еді. Бұл тұрғыдан келгенде, түпнұсқасы алғаш рет 2006 жылы араб тілінде жарық көрген Дубай әмірінің аталмыш туындысы әлемдік мәнге ие тарихи құжатқа айналып отыр.
Алтыншыдан, кітапта түйінделген ақыл-кеңестер – тек араб әлемінің лидерлеріне ғана емес, сонымен қатар сауда-саттық пен индустрияны да қатар дамытып, БАӘ секілді мол табысқа кенелуді мақсат тұтқан өзге мемлекеттер үшін де тамаша үлгі екені шындық. Өйткені БАӘ-нің көшбасшылары тектілік пен тазалыққа негізделген лидерліктің де, менеджменттің де тамаша меритократиялық үлгісін көрсетіп отыр.
Жетіншіден, шейх Мұхаммед әл Мақтумның биік нысаналарға ұмтылуына оның алған білімі мен білігі де, әртүрлі биік лауазымды қызметтерде жинақтаған мол тәжірибесі де ықпал еткен десек, қателесе қоймаймыз. Өйткені ол бастапқы білімді өз отанында алса да, қосымша білімді әлемнің оза дамыған Ұлыбритания елінде, дәлірек айтқанда, Шотландияда алған-тын. Ағылшын тілін жетік меңгеріп алғаннан кейін аталмыш елдің Корольдік әскери академиясын да қоса тамамдаған. 1968 жылы еліне оралған соң шейх алдымен Дубайдың полиция күштерінің басшысы, ал одан соң 1971 жылы БАӘ-нің қорғаныс министрі, сондай-ақ 1995 жылдан бастап БАӘ-нің вице-президенті, премьер-министрі әрі Дубай әмірі болып тағайындалады.
Сегізіншіден, шейх мемлекеттің басқару тетіктерін жетілдіру мақсатымен ел экономикасының барлық салада бәсекеге лайықты болуын жіті қадағалайды. Мысалы, Дубай үкіметінің көшбасшылық бағдарламасы мен Дубайдағы сапаны бағалау бағдарламасына да бастамашы болды. Осы мақсатта ол араб көшбасшылығы мен ел басқару жүйесін жетілдіре түсуге бағытталған бірнеше марапаттарды да тағайындаған болатын
Тоғызыншыдан, көреген саяси лидер шейх 2006 жылы билік тізгінін өз қолына алған сәттен бастап, қайрат-күшін Дубайды әлем астанасына айналдыруға бағытталған бірнеше іргелі халықаралық реформаларды іске асырды. Шейх Таяу Шығыс аймағындағы ең іргелі де табысты халықаралық корпорациялардың негізін қалады. Олардың арасынан «Эмираттар Әуежолы», «Дубай Холдинг», «Дубай Порттар Әлемі», туристік «Джумейра Тобы» сынды корпорацияларды ерекше атауға болады.
Шейх Мұхаммед әль Мақтум туындысында БАӘ-нің болашағы мен өзінің лидерлік ұстанымын айшықтай түсетін мына бір метафоралық түйіннің де мәні зор: «Әр күн сайын Африка киігі көзін аша салып, ең жүйрік деген арыстанды шаң қаптырып, құтылып кетуді ойлап тұрады. Себебі олай етпесе, жем болатынын ол жақсы біледі. Керісінше, арыстан да киікті қуып жете алмаса, аштан қататынын сезеді. Адамзат та әлгілерге ұқсас. Сен киіксің бе, жоқ әлде арыстансың ба, бәрі бір. Өз қатарыңның алды болам десең, бәсекелестеріңді басып озуға сен де мәжбүрсің.
Бүгінгі таңда мұнай шейхтерінің елі атанған Біріккен Араб Әмірліктері көз ілеспес жылдамдықпен дамудың арқасында бүкіләлемдік қаржы орталығына да айналып үлгерді. Бұл үдеріске тікелей ықпал етіп отырған негізгі факторлардың бірі – БАӘ-нің үдемелі әрі үнемі тұрақты дамып отырған инновациялық экономикасы және күллі әлемге танымал Лондон, Нью-Йорк және Гонконг секілді іргелі капитал нарықтарымен қалыптастырып отырған тығыз қарым-қатынастары.
Сосын, Дубай Халықаралық Қаржы Орталығында тіркелген 800-ден астам шетелдік қаржы компаниялары мен банктерге, сондай-ақ қамсыздандыру компанияларының өкілдіктеріне көрсетілетін басымдықтар мен жеңілдіктерді де назардан тыс қалдыруға болмайды. Өйткені әлгі Орталыққа тіркелген өкілдіктерге шетелдік меншікті иеленуге 100 пайыз құқық берілуімен қатар олардың кірісі мен табысына салық салынбайды, шетелдік валюталармен шексіз операция жасауға, сол сияқты Дубай Қаржы Орталығының инфрақұрылымымен, яғни әлгі Орталықта жұмыс істеуге қажетті қызмет түрлерінің бәрімен, оның ішінде, әсіресе ақпарат-коммуникациялық қызмет түрлерін пайдалануға да толық мүмкіндік жасалған.
Саяси көшбасшы ретінде шейхты БАӘ-нің болашақ тағдыр-талайы ғана емес, күллі араб әлемінде, оның ішінде, әсіресе Таяу Шығыс елдеріндегі түрлі дағдарыстар мен соғыс өртіне ұласып жатқан сан қилы шиеленістердің де қатты алаңдататыны анық байқалады. Бұл дағдарыстар мен шиеленістердің басты себебі шейх Мұхаммед әл Мақтум айтпақшы, ақшамен де, халықпен де, жермен де, ресурстармен де байланысты емес. Өйткені олардың барлығы да араб елдерінде жетіп артылады. Сондықтан да «араб әлеміндегі әлгі кесепаттардың түп-тамыры қайда жатыр?» деген риторикалық сұраққа шейх лидерлікте, менеджментте, эготизмде», деген үш сөзбен ғана жауап қайырады. Бұл жерде шейх лидерлік пен менеджментті теріске шығарайын деп отырған жоқ, керісінше, эготизм болған жерде көшбасшылық та, сол көшбасшылықты айқындайтын билік жүйесінің сапасы мен тетіктері де түкке алғысыз болатынын меңзеп тұрғаны айтпаса да түсінікті.
Әділ АХМЕТОВ,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Ресей және Қазақстан Халықаралық жоғары мектеп ғылым академияларының академигі
«Егемен Қазақстан»