Көлік апаттары өткен жылмен салыстырғанда 17 пайызға төмендеген

Жамбыл облыстық әкімдігінде құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету, жол көлік оқиғалары мен есірткі бизнесіне қарсы күрес мәселелері арнайы комиссия отырысында қаралды.  Жамбыл облысында құқық бұзушылықтардың алдын алу мен құқықтық тәртіпті қамтамасыз ету мәселелері соңғы уақытта жиі айтылып жүр. Бұған әлеуметтік желілердің де өзіндік әсері бар. Егер мемлекеттік мекемелер мұны дұрыс пайдалана білсе, көптеген мәселелерді дер кезінде шешуге болады. Бұл туралы облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Берік Құрманғали баяндады.  Қазақстан Республикасы құқық бұзушылықтар профилактикасының 2017-2019 жылдарға арналған кешенді жоспарының орындалу барысы туралы және аймақтағы жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету жайы да сөз болды. Өңірде жыл басынан бері орын алған көлік апаттары өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 17 пайызға төмендеген. Дегенмен, кейбір аудандарда жол көлік оқиғасынан қаза тапқандардың қатары азаймай отыр. Сондықтан, жолдағы қауіпсіздікті сақтау қашанда күн тәртібінде болмақ. Жамбыл облысы әкімінің бірінші орынбасары Бекболат Орынбеков: — Жол көлік оқиғасы жиі тіркелетін аудандарға штат пен көліктерді беру мәселесі және қауіпті жерлерде бақылауды күшейту керек, — деді.

Бұдан бөлек, нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрес төңірегіндегі мәселелер айтылды. Қазіргі  уақытта Тараз қаласында есірткі саудалайтындардың жасырын жарнамалары көбейіп кеткен. Сондықтан, бұл бағыттағы жұмыстарға тек құзырлы органдар емес барша қоғамды тарту керектігі айтылды. Құқық бұзушылықтардың алдын алу жүйесін қалыптастыру, қоғамдық тәртіпті және қоғамдық қауіпсіздікті нығайту, бұл қызметке барлық мемлекеттік органдарды, қоғамдық құрылымдар мен халықты тарту, құқық бұзушылықтың алдын алуды және қылмысқа қарсы күресті қамтамасыз етуде жергілікті атқарушы органдардың рөлі мен жауапкершілігін арттыру қажет. Комиссия отырысы соңында сала басшылары мен құзырлы орган қызметкерлеріне аталған мәселелерді шешу үшін кешенді жоспар құрып, бірлесе жұмыс істеу керектігі тапсырылды.

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444