Негізгі бағыт – егістік алқаптарын ұлғайту
Байзақ ауданы — аграрлық өңір екені белгілі. Апта ортасында аудандағы ауыл шаруашылықтарының жұмыстарымен танысу мақсатында облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев жұмыс сапарымен келген болатын.Мұратхан Жүнісәліұлы алғашқы іс сапарын «Агали» шаруа қожалығының жұмысымен танысудан бастады. Егін, мал шаруашылығы және шұжық, сүт өнімдерін өндірумен айналысатын шаруа қожалық құрылғалы бергі он сегіз жылдың ішінде бірқатар жетістіктерге қол жеткізген. Бүгінде отыз адамды жұмыспен қамтып отырған қожалық 2010 жылы асыл тұқымды мал асырауға аттестат алса, араға бір салып «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ-нан мал шаруашылығын өркендетуге 220 млн. 500 мың теңге несие алған. Мұндағы қуаттылығы тәулігіне төрт тоннаны құрайтын шұжық цехы «Туған жер» атты халал шұжық өнімдерін шығарады. Қуаттылығы тәулігіне он тонналық сүт цехынан «Талас» атты сүт өнімдерін өндіріп отыр. Сондай-ақ, жеке кәсіпкер Владимир Лесняктың «Молочный бидончик» сүт өңдеу цехының жұмысына куә болды. Сүт, айран, қаймақ, май, ірімшік, сүзбе, йогурт, сүт өнімдерінің 18 түрін шығарумен айналысатын кәсіпкер бүгінде жемісті еңбек етуде. Сегіз адамды жұмыспен қамтыған кәсіпкер өндірген өнімдерін балабақшалар мен емдеу мекемелеріне, Алматы мен Тараз қаласындағы сауда нүктелеріне шығаруда. Ал, Бурыл ауылдық округіндегі «Есенбаев М.» жеке кәсіпкерлігі сұйық май өндірумен айналысса, онда он екі адам жұмыс істейді. Өткен жылы Ресей жинақ банкінен өсімдік майын тазартатын құрал-жабдықтар сатып алу үшін 75 млн. теңге, ағымдағы жылы бағдарламаның кепілдеме тетігі бойынша 60,0 млн. теңге несие алып, айналым қаражатын ұлғайту арқылы өсімдік майы өндірісін кеңейтуде екен.
Жұмыс сапары барысында облыс басшысының орынбасары Көктал ауылындағы «Дулат» шаруа қожалығының 3000 бас мүйізді ірі қара малын бордақылау кешенінің жұмысымен танысып, «Талап» шаруа қожалығының қант қызылшасы алқабында болды. Мысалы, «Дулат» шаруа қожалығында 1698 бас мүйізді ірі қара малы бордақыланып, 424,5 тонна ет өндірілсе, бүгінде тағы да мың бас бордақыланып жатыр. Ал, «Талап» шаруа қожалығы 100 гектарға тамшылатып суару технологиясымен еккен қант қызылшасын жинауды бастап кетіпті. Қазіргі таңда орташа түсім гектарына 350 центнерді құрауда.
Былтыр құрылған Суханбаев ауылдық округіндегі «Асыл Бақ» ауыл шаруашылық өндірістік кооперативі 50 гектар алқапқа үдемелі алма бақ отырғызып, дәнді және сүйекті жеміс өсіруде. Жаңатұрмыс ауылдық округіндегі «Бақытжан-16» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативі жеке қосалқы шаруашылық негізіндегі сүт бағытында жұмыс атқарып, сегіз жүз бас мүйізді ірі қарадан 820 тонна сүт өткізген. Әрбір шаруаның жұмыс барысымен жете танысқан Мұратхан Шүкеев шағын және орта бизнесті дамыту, олардың өнім өндірудегі үлес салмағын арттыру қажеттігіне тоқталып, шаруалардың еңбектеріне табыстар тіледі.