Масақты дәнді дақылдарды егу жылдан-жылға арттырылуда

Т.Рысқұлов ауданы диханшылары егістік жерлерді игеріп, масақты дәнді дақылдарды себу көлемін жылдан-жылға арттыруда. Бұрынғы жылдары егістік жерлерді игеру қиынға соғып, көптеген егістік жерлер жайылымдық жерлер санатына өтіп кеткен болса, қазір сол жерлер қайтадан егістік жерлер санатына ауыстырылып, ақ егіс егу көлемі артуда. Мысалы 2015 жылы ауданның егістік жері 141733 гектар болса, 2018 жылы 143623 гектарға жетті. Ал, 2019 жылға егілетін егістік жер көлемі 145122 гектар болып отыр. Бұл – жоғарыда айтқан 2015 жылмен салыстырғанда 3389 гектарға артық. Себебі, егістік жерлерді игеру жұмыстары соңғы жылдары аудандағы ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілерінің қуаттылығы жоғары, сапалы жұмыс атқаратын техникаларды лизингке және нақты ақысына жүйелі түрде сатып алуларына байланысты артып келеді. Мысалы, 2018 жылдың өзінде аудан бойынша лизингке және нақты ақысына 62 дана ауыл шаруашылығы техникалары 1 151,7 млн. теңгеге алынды. Оның ішінде 20 дана егін жинау комбайндары бар. Алынған техникалардың 25 пайызы мемлекет тарапынан субсидиялануда.

Сонымен қатар, 2018 жылдан бастап, егістік жерлерден алынатын өнімнің шығымдылығы мен сапасын арттыру мақсатында сатып алынған минералды тыңайтқыштар, зиянкестерге, арам шөптерге қарсы пайдаланатын гербицидтер мен биопрепараттарға, элиталық тұқымдарға және басқа да жеңілдіктерді алуда құжаттар электронды түрде қабылданып, шаруалардың жылдам әрі тез жеңілдіктерді алу мүмкіндігі артты.

Ауылшаруашылығы дақылдарын әртараптандыруда, басым табысы мол бағыттағы дақылдарды егу көлемі артып отыр. Мысалы, майлы дақыл – мақсары мен техникалық дақыл – қант қызылшасы табысы мол дақылдар санатына жатады. 2015 жылы ауданда 36 гектар қант қызылшасы егілсе, 2018 жылы бұл көрсеткіш 464 гектарға жетті. 2019 жылы 600 гектар қант қызылшасы егіледі деп күтілуде.

Қант қызылшасы дақылын егу көлемінің артуы, жылда жоспарлы түрде су каналдарының ағымды жөнделінуі тау суын ысырапсыз егістік басына жеткізудің мүмкіндігінен болып отыр. Биылғы жылы аудан көлеміндегі 16 канал республикалық меншікке өткізілді. 2019 жылдан бастап осы каналдарға республикалық бюджеттен қаражат бөлініп, күрделі жөндеуден өтетін болады. Яғни, ауданымыздың суармалы егістік алқабы артып, өсімдік шаруашылығының өнімділігі артады.

Мұндай қолдау, шаруалардың қант қызылшасын егуге деген қызығушылығын арттыра түсетіні сөзсіз.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444