Жамбыл облысында медиация орталығы ашылды
Елбасы Судьялар одағының V съезінде сот тәртібімен қаралуға жататын дау-дамайларды азайту мәселесіне назар аударып, соттан тыс реттеудің баламалы тетіктерін, соның ішінде бітімгершілік және медиация процедураларын енгізуді тапсырғаны белгілі. Осыған орай, елімізде «Медиация» туралы Заң қабылданды. Аталған Заңға сәйкес, Қазақстанда дауларды баламалы шешудің жаңа түрі – медиация енгізілді. Жамбыл облыстық Кәсіподақтар үйінде облыстық соттың басшыларының және медиация тақырыбымен белсене шұғылданатын азаматтардың қатысуымен Медиация орталығы ашылды.
Орталықтың ашылу рәсіміне азаматтық істер жөніндегі сот алқасының төрағасы Жомарт Рүстембеков, облыстық соттың судьясы Динара Нұрлыбаева, аймақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мейрамбек Төлепберген мен кәсіби және кәсіби емес медиаторлар қатысты. Іс-шара барысында “Жамбыл облысы кәсіподақ орталығы” мен Жамбыл облысы әкімінің аппаратының “Қоғамдық келісім” КММ “Тараптар” деп аталатын ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Ағымдағы жылы 29 185 азаматтық іс аяқталған. Оның ішінде медиация тәртібінде 891 азаматтық іс қаралған.
Қазіргі таңда Жамбыл облысының соттарында 16 медиация кабинеті және аудандық әкімдіктер мен “Нұр Отан” партиясы, Қазақстан халқы өңірлік Ассамблеясының Достық үйінде де жұмыс істейді. Медиация латын тілінен аударғанда делдалдық ету – өз ерікті келісімі негізінде үшінші бейтарап әділ тарап – медиатордың (делдалдың) көмегімен олардың өзара қолайлы шешімге қол жеткізуі мақсатында дауларды соттан тыс шешу түрі. Медиация тәсілдері, ең алдымен, ынтымақтастық арнасында келіссөздерді жүргізуге арқа сүйейді. Медиация – бұл келіссөздер процесі, мұнда делдал- медиатор ұйымдастырушы болып келеді және тараптар тиімді шындыққа негізделген және екі жақтың да мүддесін қанағаттандыратын келісімге келетіндей келіссөздерді басқарады, оны орындау нәтижесінде тараптар өздерінің арасындағы жанжалдарды реттейді. Қазір Қазақстанда көптеген медиатор қызмет атқарады. Барлығы арнайы сертификат алғандар және медиаторлардың тізімдік реестрлерінде тұрғандар. Азаматтық немесе қылмыстық үдеріс шегінен тыс жүзеге асырылатын медиация келісім жасағаннан бастап отыз күнтізбелік күннен кешіктірілмей аяқталуы тиіс. Қажет болса, тараптардың өзара шешімі бойынша медиацияны өткізу мерзімі отыз күнтізбелік күнге дейін ұзартылуы мүмкін.