АСТАНА – БАТУМИ ЖАҢА ӘУЕ РЕЙСІ АШЫЛДЫ
«ЭКСПО-2017» халықаралық мамандандырылған көрмесі аясында Астана қаласында Грузияның Ұлттық күні өтіп жатыр. Өзге елдер секілді Грузия павильонынан да баламалы қуат көздерін тиімді пайдалануға бет тұрған мемлекеттердің бірі екенін тез аңғаруға болады. Себебі, Грузия энергияның 80 пайызын жасыл экономикалы қуат көздерінен алады. Атап айтар болсақ, Грузияда 26 мың өзен бар. Солардан 80 мың су электр станциясы қуат өндіреді. Оның қуаты 3 мың мегаватт болғандықтан, Грузияның бұл саладағы әлеуеті жоғары. Көрмедегі павильондарда үстелдер қойылып, сол үстел үстінде судан энергия өндіру жолы көрсетілді. Сондай-ақ, Тбилисидің энергиямен қалай қамтамасыз етілетіні де көрсетілген. Грузия шарап өндіруден әлемде жетекші орындардың бірін алып тұр. Мұнда шарап таңдауға арналған сенсорлы құрылғы да бар. Көрмеге Грузияның ұлттық кәдесыйлары да қойылған. Жалпы ЭКСПО-ға Грузиядан 10 мың қонақ келеді деген болжам бар. Елімізге ресми сапармен келген Грузия Президенті келіп, павильонды аралады. Павильонда Грузияның танымал әншілері Нано Брегвадзе, Тамара Гвердцители өнер көрсетті. ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген Грузия басшысы Георгий Маргвелашвилиді Ақордада қарсы алды және ресми шара барысында президенттер өз делегацияларын бір-біріне таныстырып шықты. Ал содан кейін Құрметті қарауыл сап түзеп, Президент оркестрі екі елдің гимнін орындады. Осыдан соң Қазақстан мен Грузияның Президенттері шағын және кеңейтілген құрамдағы кездесулер жүргізді. «Грузия Кавказдағы біздің негізгі әріптестеріміздің бірі. Тбилиси тоғыз жолдың торабында тұр. Сол себепті Қазақстан үшін осы елмен сауда-экономикалық байланыстарды жүргізу аса маңызды», — деген болатын Нұрсұлтан Назарбаев. Сондай-ақ, екі елдің ынтымақтастығы арқасында 2017 жылдың 18 маусымынан бастап «GeorgianAirways» әуе компаниясы Астана – Батуми – Астана бағыты бойынша жаңа рейсі ашылды. Бұл рейс Boeing 737 ұшағымен аптасына бір рет, жергілікті уақыт бойынша жексенбі күні сағат 05:20-да Астанадан аттанады.
Аталмыш рейсті ашуда ҚР ИДМ Азаматтық авиация комитеті мен Грузияның авиациялық билігі бірлесіп жұмыс атқарды. Қазақстан мен Грузияның авиациялық билігі бұл ашылған жаңа әуе бағыты екі елдің сауда-экономикалық қарым-қатынасын нығайтып, туризм саласының қарқынды дамуына ықпал ететініне сенімді. Еске сала кетейік, қазіргі уақытта Қазақстан Республикасы мен Грузия арасында «AirAstana» әуе компаниясы Астана – Тбилиси және Алматы – Тбилиси, сонымен қатар, «SCAT» әуе компаниясы Ақтау – Тбилиси, Ақтау– Кутаиси, Ақтау – Батуми бағыттары бойынша тұрақты рейстерді орындап келеді.
Б.ҮПІБЕК