Таразда “Үш бұлақ” жағалауы қайта жаңғыртудан өтті
Қала күні мерекесі қарсаңында тараздықтар үшін “Үш бұлақ” жағалауы жаңғыртудан өтіп, ұзындығы жетпіс екі метрді құрайтын көпір ашылды. Қайта жаңғыртылған «Үш бұлақ» жағалауын қала тұрғындары үшін лайықты демалыс аумағына айналдыру жұмысы «Жеңіс» саябағы бойынша қолға алынған жобамен байланысты. Көп жылдан бері каналдың жағалауы қараусыз қалып, қоғам тарапынан сын айтылып келген еді.
Бұл аумақтың қайта жаңғырту жобасы “Жеңіс” саябағымен жалғасып жатыр. Жалпы алаңы 6,5 гектар жерді абаттандыру жұмыстары кезінде он мың тоннадан астам қоқыс шығарылды. Көпірдің ұзындығы – жетпіс екі метр, ені – үш метр. Бөгет қайта жаңартылып, су айдыны алпыс метрге кеңейді, демалушылар тамашалайтын бес дана аққу, төрт дана үйрек пен ақ амур және карп сияқты үш мыңға жуық балық жіберілді. Сондай-ақ, демалыс орталығының ашылуы барысында облыс әкімі мен мемлекеттік қызметкерлер, қала қонақтары мен ардагерлер жеміс көшеттерін отырғызды. Сонымен қатар, жағалауда каналға шығатын үш дана пирс, демалыс орындары, балалар ойын алаңдары, спорттық снарядтар, суда жүруге арналған катамарандар қойылып, каналдың бойында ұзындығы 700 м құрайтын жаяу жүргіншілер жолы салынады.
Сондай-ақ, еліміздегі ең ұзын және ерекше субұрқақ Тараз қаласында ашылды. Қала күні қарсаңында көне шаһар тұрғындарына тамаша тарту болған 220 метрлік субұрқағы «Желтоқсан толқыны» аллеясыда орналасқан.
Бұлақ боп атқылаған «Желтоқсан толқыны» субұрқағының ұзындығы – 220 метр. Алғашқы толқыны алпыс екі деген монументальды мафтан басталады.
Субұрқақтың екі жағында пырақтың, он төрт дана барыстың және самұрықтың мүсіндері орналасқан. Толқындар субұрқақтың соңына жетіп, кері қайтқанда Тәуелсіздікті белгілейтін күн мен бүркіттің бейнесіне айналып, Егемендікке ұласады.
Субұрқақ ақ мәр-мәр тастан жасалған. Ал, “Желтоқсан толқыны” аллеясының аумағы 0,5 гектар, ені – жиырма метр, ұзындығы – 240 м. Құны – 284 млн. теңгені құрайды.
Мұның барлығы туған жерге жасалған құрмет. Елбасы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында «Туған жер» бағдарламасын қолға алуды тапсырды. Бағдарламаның бірнеше мәні бар. Оның біріншісі білім беру саласында ауқымды өлкетану жұмыстарын жүргізуді, экологияны жақсартуға және елді мекендерді абаттандыруға баса мән беруді, жергілікті деңгейдегі тарихи ескерткіштер мен мәдени нысандарды қалпына келтіруді көздейді.