ОТАНДЫҚ ӨНІМДЕРДІ ЭКСПОРТҚА ШЫҒАРУ ЖӘНЕ ИМПОРТ АЛМАСТЫРУ МӘСЕЛЕЛЕРІ ҚАРАЛУДА
Елордамыз Астана қаласында Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің қатысуымен «Импорттың орнын басу және өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің экспортын дамыту» атты бірінші жұмыс сессиясы өтті. Шараға отандық тауар өндірушілер мен ірі тапсырыс берушілер қатысты. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігі «NADLoC» Жергілікті қамтуды дамыту жөніндегі ұлттық агенттігі» АҚ-мен бірге ҚР Президенті Н.Назарбаевтың ауқымды бағдарламасы — Қазақстан экономикасының Үшінші жаңғыруын жүзеге асыру үшін өңдеу өнеркәсібінің өсіміне қол жеткізу бойынша жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, «Импорт алмастыру және экспортты дамыту» жобасын жүзеге асыруда.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба отандық өндірушілер өсімін тежейтін тосқауылдарды жою керек, жаңа өндірістерді оқшаулап, таза экспорттың өсуіне жәрдемдесетін нақты бастамаларды енгізу керек. Қазіргі уақытта жұмысты ары қарай пысықтай түсу үшін бірқатар бастамалар белгіленді және жұмыс сессияларына қатысатындар анықталды. Аталмыш жоба аясында үш апта ішінде машина жасау, электр жабдықтары, базалық химиялық өнеркәсіп және металл бұйымдары салаларының отандық өндірушілерімен және тұтынушыларымен жұмыс сессиялары жүргізіледі. 2016 жылы өңдеу өнеркәсібі өнімінің импорт көлемінің ақшаға шаққанда экспорт көлемінен 4 есе асып түскенін және тиісінше 7 трлн. теңгені және 1,7 трлн. теңгені құрағанын атап өтуге болады. Тұтынудағы импорттың үлесі шамамен 70% құрады. Кейбір салалар бойынша аталған көрсеткіш «Импортты алмастыру» бағытын табысты іске асыру кезінде импорт көлемдерінің азаюы мүмкін екендігін көрсетеді. Шамамен бұл көрсеткіш 95%-ға дейін жетеді.
Министр Жеңіс Қасымбек мәлімдегендей, аталған іс-шара сұхбаттасу үшін, сондай-ақ өзара тиімді іскерлік қатынастарды қалыптастыру мен нығайтуда таптырмас алаң болып табылады.
Жүргізілген жұмыстың қорытындылары бойынша қазіргі өндірістік қуаттылықтарды дамыту және жаңасын оқшаулау үшін тосқауылдар мен шектеулер анықталатын болады, сонымен қатар, жобалардың экономикалық әлеуетін бағалау, бастамалардың егжей-тегжейлі жоспарларын әзірлеу жүргізіледі. Бірінші жұмыс сессия кезінде жобаға көп назар аударылатыны айтылды. Ол Үкіметтің деңгейінде жобалық басқару басымдықтарына енгізілген. Сонымен қатар, ведомство басшысы Қазақстанның барлық кәсіпкерлерін жұмыс сессияларына белсенді қатысуға шақырды.