Молшылық айында молшылыққа кенелді

Түркістан облысына қарасты Созақ ауданы биылғы жиын терім уақытын мол табыспен қарсы алып отыр. Ағымдағы жылдың 19 қазан күні аудан орталығы Шолаққорған кентінде «Алтын күз — 2018» ауыл шаруашылық өнімдерінің жәрмеңкесі болып өтті. Әр жыл сайын өткізілетін бұл жәрмеңке жылдағыдан ерекше аталып өтті. Бүгінде Созақ ауданында ауыл және мал шаруашылығымен айналысатын шаруа қожалықтары жетерлік. Олардың дені жыл сайын өнім өндіруде жоғары көрсеткішке қол жеткізіп келеді. Созақ ауданының 90 жылдық мерей тойы аясында өткізілген жәрмеңкеге Сызған ауылдық округінің шаруалары да атсалысып, өздерінің өнімдерін базардан төмен бағамен халыққа сатып алғыстарын алды. Сол игілікті шара барысында аудан әкімі Салыхан Сабырұлы «Мұхтар» шаруа қожалығының төрағасы Әубәкір Белгібаевты ауыл шаруашылығы саласындағы айрықша еңбегімен ауданның әлеуметтік, экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін «Алғыс хатпен» марапаттады. Айта кетсек «Мұхтар» шаруа қожалығы Қайнар елді мекенінде 8 гектар алма бауы бар және де биылғы жылы егістік өнімдерін де жоспарға сай орындаған шаруа қожалықтарының бірі. Алдағы уақытта алма бауының көлемін арттыруды көздеп отыр.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444