АСТАНА ӘУЕЖАЙЫНЫҢ ЖАҢА ҚҰРЫЛЫСЫ АЯҚТАЛАДЫ
Астана қаласындағы әуежайдың барлық құрылыс жұмыстары биылғы жылдың 15 мамырында аяқталатын болады. Бұл жайлы бүгінгі өткен Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің кезекті отырысында айтылды. Мәжіліс депутаттарының алдында баяндама жасаған ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек Астана әуежайының жаңа терминалы мен жаңа теміржол вокзалының құрылысы қашан аяқталатынын хабарлаған болатын.
ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек: — «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында іске асырылып жатқан аса зор маңызға ие жоба туралы айтуға тиіспін. Ол – Астанадағы жаңа теміржол вокзалының құрылысы. Құрылыс және әрлеу жұмыстары биыл мамыр айында аяқталатын болады. Жалпы алғанда, жаңа вокзалдың өткізу қабілеті – тәулігіне 35 мың жолаушыны құрайды. Ал қолданыстағы вокзалмен қоса алғанда – тәулігіне 48,8 мың жолаушыны қамтитын болады. Бұл астаналық жолаушылар ағынына, оның ішінде халықаралық көрмені өткізу кезінде де, сапалы қызмет көрсетуді толығымен қамтамасыз етеді.
Сондай-ақ, «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Астана қаласының жаңа терминалын салу және әуежайының ұшу-қону алаңын қайта жаңғырту» жобасы жүзеге асуда. Аталған жоба бойынша жаңа жолаушылар терминалының, тұрақ орындарының құрылысы, инженерлік инфрақұрлымдарды, перронды қайта жаңғырту және аумақты абаттандыру көзделген.