Индустриалық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасының жүзеге асырылуы

Мемлекет басшысы Н.Ә. Назарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Қазақстан Республикасының 2015-2019 жылдарға арналған индустриалық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы» дерлік жүзеге асырылып келеді. 2019 жылға дейін жалғасатын бес жылдық жоба былтыр тағы да Елбасы Жарлығымен өзектендіріле түсті. Бағдарлама аясында негізі қаланған өндірістік кәсіпорындардың игілігін халық көре бастағанды. Бұдан 2 жыл бұрын қолға алынған бастаманың мақсаты айқын: еңбек өнімділігін арттыруға және өңделген тауарлар экспортының көлемін ұлғайтуға бағытталған өңдеу өнеркәсібінің бәсекеге қабілеттілігін арттыру. Алда бағындырар 4 нысаналы индикаторды бар. Алдымен еңбек өнімділігін 2015 жылғы дең­гейге қарағанда 22% арт­тыру болса, екінші, өңделген өнім экспортының құндық көле­мін алғашқы жылдағыдан 19%-ға арттыру. Үшіншіден, 2015-2019 жылдары өңдеу өнеркәсібінің негізгі капиталына 4,5 трлн теңге сомасында ин­вестиция тарту және соңғысы, өң­деу өнеркәсібінің энергия сыйым­дылығын 2014 жылға қарағанда кемінде 7%-ға төмендету. Осындай айқын нәтижені көздеген бағдар­ламаның 2015 жылғы қорытындысы бойынша аталған 4 нысаналы индикатор аясында 11 көрсеткіш қарастырылған болса, 2016 жылы 3 нысаналы индикатор аясында 8 көрсеткіш бойынша жос­пар орындалыпты. Инвестиция­лар және даму министрлігінің мә­ліметіне сүйенсек, экс­порттың құн көлемінің өзгеру индикаторындағы көрсеткіш 90,2% құраған. Ал бастапқы жоспардың 86% екенін ескерсек, бұл көрсеткіш айтарлықтай ұлғайған.

2016 жылы өңдеу өнеркәсібі экс­портының көлемі алдыңғы жылмен салыс­тырғанда 9,8% қысқарып, 12,7 млрд АҚШ долларына түс­кен. Металлургия, химия және мұнай өңдеу сияқты сала­ларда да әлемдік бағаның құлдырауына байланысты төмендеулер бар. Еңбек өнімділігінің нақты өсім индикаторына келсек, көр­сеткіш 131,7% болған. Ал жоспар – 101,3% құрайды. Былтырғы қорытынды, 2015 жылмен салыс­тырғанда, девальвация салдарынан ақшаға шаққанда 44,4 мың доллардан 38,9 мыңға дейін төмендеді. Бұл жалпыәлемдік тренд екенін айта кету керек. Негізгі капиталға салынған инвестициялар көлемі индикаторы бойынша 834,1 млрд теңгені құрады. Бұл жос­пар­дағыдан 81 млрд теңге шамасында артық.

«Өңдеу секторы­на бағытталған қаржы бір жыл бұрын­ғымен салыстырғанда 8,8 млрд теңгеге бағаланып, 1,1%-дық өсім көрсетті. Нақты көрсеткіш 3,3% қысқарды. Өткен жылдың 9 айында ғана өңдеу өнер­кәсібіне 2,6 млрд доллар тікелей шетел­дік инвестиция тартылды. Бұл бұры­нғы жылғы сәйкес кезеңмен салыс­тыр­ғанда 1,3 есеге артық», дейді министрЖеңіс Қасымбек.

Былтыр жоспарланған бағдар­ламадағы 10 жоба­ның 8-і орын­далған. Нәтижесінде, дәс­түрлі сек­торлардағы кәсіп­орын­дар­ды жаңғырту есебінен тиі­мді базалық индустрияны құру­ды аяқтау бойынша елдің 7 ай­мағында қолданыстағы өнді­ріс­терді жаңғырту және кеңейтуде жалпы сомасы 68,7 млрд теңгеге жуық 10 жоба жүзеге асырылыпты.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек өз сөзінде: Ірі салаларға негіз болатын жобаларды жүзеге асыру арқылы индустрия­лы өркендеудің жаңа нысандарын ашу аясында өңдеу өнеркәсібінің металлургия, мұ­най өңдеу, машина жасау, құры­лыс индустриясы сияқты негізгі 4 секторында жалпы сомасы 154,9 млрд теңгеге 6 жаңа ірі өндіріс құрылды. Сондай-ақ, ірі жобаларды іске асыру үшін «Global-2000» жоспарына енгізілген компаниялар тізімінен 7 инвестор тартылды. Биыл бағдарламада көрсетілген 2 жаңа ірі өндіріс ошағын құруды баста­мақпыз, – дейді. Олардың қатарында Павло­дар облысында орналасқан «Пром­маш­комплект» деп аталатын темір жолда қолданылатын доңғалақ өндірісі кешені мен Сыр бойындағы шыны өндіру зауыты. Жоғары тиімді индустриялық кәсіпкерліктің қалыптасуына қолайлы жағдай жасау мақ­са­тын­да еліміздің 13 өңіріндегі 46 кәсіпорынға еңбек өнімділігін арттыру үшін жалпы сомасы 379,9 млн теңге көлемінде мем­лекеттік қолдау көрсетілді. Осы­ның нәтижесінде өткен жылы бағдарлама индикаторлары мен көрсеткіштеріне қол жеткізу дәрежесі 84,6% құраған. Ал индустриялық-инновациялық дамудың негізгі көрсеткіштері бойынша өңірлер бөлінісінде мынадай динамика байқа­лады: өңдеу өнеркәсібі өндірісінің нақ­ты өсімі 12 өңірде бар. Үз­дік­тер қатарында 115,8% көрсеткішпен Ақтөбе облысы, одан сәл төмендеу көрсеткіштегі (115%) Қызылорда облысы және 110,9 %-дық өсімге қол жеткізген Маңғыстау облыстары тұр. Ал еңбек өнімділігі барлық өңірлерде байқалады. Ең көп өсім Ақмола (1,9 есеге), Маң­ғыстау (1,7 есеге), Ақтөбе және Жамбыл (1,6 есеге) облыстарында. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 10 өңірде айтарлықтай артқан, соның ішінде ең көп өсім Жамбыл (3,8 есеге артқан), Солтүстік Қазақстан (2,9 есе), Алматы (1,2 есе) облыстарында.
Тағы бір атап айтарлығы, индустрия­ландыру бағдарламасы қолға алынғалы бері жалпы құны 4,7 трлн теңге болатын 1028 жоба жасақталып, іске қо­сылып­­ты. Бағдарлама нәтижесінде 97 мың тұрақты жұмыс орны ашыл­ды. Жал­пы, мемлекеттік бағ­дарламаның нәтижелі жүр­гі­зіліп, нақты жемісін берген кезең ретінде өткен жылды айта кеткен жөн. Бұл рет­тегі ауыз толтырып айтуға тұрар­лық көрсеткіштерді өңдеу өнеркәсібі саласынан байқауға болады. Мысалға, 2016 жылы Индустрияландыру картасы аясында 878 млрд теңгенің 130 жобасы іске қосылған болатын. Бұл дегеніңіз 10 мыңнан аса тұ­рақты жұ­мыс орнының құрыл­ғандығын айғақ­тайды. Осы іске қосылған жобалар бойынша жыл ішінде жалпы сомасы 2,2 трлн теңгеден асатын өнім өндірілген. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібі экспортының көлемі 12,7 млрд АҚШ долларын құрайды.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444