Мемқызметшілерге жалақы балдық шкала бойынша төленетін болады
Келер жылдан бастап Ұлт жоспары «100 нақты қадамның» 5-ші және 6-шы қадамдарын жүзеге асыру шеңберінде мемлекеттік қызметкершілерге жалақы факторлы-балдық шкала бойынша төленетін болады. Яғни қызметкерлердің жауапкершілігі, дербестігі, тәжірибесі, арнайы білімі мен байланыс деңгейлері, жұмысының қиындығы, қабылдаған шешімдерінің салдары секілді 8 фактор ескеріліп, еңбекақы тағайындау көзделуде. Мәселен, мемлекеттік қызметшінің бір айлық жалақы көлемі 80 мың теңге болса, енді 180 мың теңгеге дейін алуы мүмкін. Бұл туралы бүгін өңірлік коммуникациялар қызметінде ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облыстық департаментінің өкілдері айтты.
Яғни, еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі апробацияланып жатыр. Аталған жүйе ҚР Әділет министрлігі, Астана қаласы және Маңғыстау облыстық әкімдігінде пилоттық режимде қолға алынған болатын. Осы пилоттық жоба аяқталысымен, келер жылы Қазақстанның барлық мемлекеттік қызметшілерінің жалақысы арттырылады деп күтілуде. Жаңа жүйенің тағы бір ерекшелігі — жұмыс тәжірибесін есептеудің тың тәртібі. Бұрын жалпы мемлекеттік қызмет өтілі ескерілетін болса, ендігі жерде ұқсас лауазымдар бойынша функционалдық бағыттардағы тәжірибесі ескеріледі. Мәселен, кеңсе бас маманы басқа мемлеккеттік органға ауысса, жаңа жұмыс орнында оның лауазымдық тәжірибесі ескерілетін болады. Бұдан бөлек, болашақта жоғарылату кезінде жалақыны белгілегенде төмен тұрған лауазымдағы жұмыс өтілі де ескеріледі. Ондай тәсілдерді ЭЫДҰ озық елдері Франция мен Германия, АҚШ қолданады.
Сондай-ақ, ҚР мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Жамбыл облыстық департаментінің басшысы Мақсұт Нәлібаев өңірлік коммуникациялар алаңында өткен брифингте мемлекеттік қызметшілерден бөлек кәсіпкерлер мәселесін де көтерді. Кәсіпкерлердің мүдесі қаншалықты қорғалған? Жыл басынан бері бизнес өкілдерінің құзырлы орындарға шағымдануы қай деңгейде? Облыс әкімінің бастамасымен кәсіпкерлер палатасы түрлі экономикалық саладағы және орта бизнес өкілдерінің арасында сауалнама жүргізген. Нәтижесінде қандайда бір жобаларды жүзеге асыруда бос өндірістік алаңдарға деген сұраныс пен кедергілер анықталған. Оның ішінде дайын алаңдар мен жер телімдерінің тапшылығы және жақсы дамыған инфрақұрылымның жоқтығы қолбайлау болып тұр. Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасы басшысының орынбасары Қайрат Сыздықов болса, кәсіпкерлер палатасына келіп түскен арыз-шағымдарға тоқталып, кәсіпкерлердің заңды мүдделері мен құқығын қорғауда жұмыс істеп отырғандықтарын жеткізді.