Көкөніс сақтайтын қоймалар салынбақ

Түркістан облысы әкімінің орынбасары Е.Тасжүрековтің айтуынша, 2017–2021 жылдарды қамтитын ауыл шаруашылығындағы еңбек өнімділігі көрсеткіштерінің басты индикаторлары бекітіліп, аумақтық бағдарлама концепциясы әзірленген. Әкім орынбасарының берген мәліметіне сүйенсек, биылғы 6 айда агроөнеркәсіп саласында 183 мың адам еңбек етсе, бір адамға шаққандағы еңбек өнімділігі 518 мың теңгені құраған. Жыл басынан бері облыста 146,4 млрд. теңгенің ауыл шаруашылығы өнімдері өндіріліпті. 150 млн. АҚШ долларына тауар экспортталса, былтыр негізгі капиталға 38 млрд. теңге инвестиция тартылған. Суармалы жер көлемі 11 мың гектарға артып, бүгінде 448 мың гектарға жетті. Ұзақ мерзімді кіші бағдарлама аясында 224 мың ірі қара бордақылайтын алаң, 33,4 мың сиырға арналған тауарлы сүт фермасын, 22,4 мың тонна көкөніс сиятын қоймалар салу және 349 мың гектар алқаптың мелиоративтік жағдайын жақсарту күтілуде. Жалпы, агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған бағдарламасының ішіндегі салалық мал шаруашылығы бағдарламасы екі негізгі мақсатты көздейді. Біріншісі, шағын және орта фермерлік шаруашылықтарды көбейтіп, ауылдардың әлеуметтік жағдайын түзеу болса, екіншісі, шетелден жаппай асыл тұқымды малдар сатып әкеліп, оларды жергілікті төлдермен будандастыру арқылы тұқымын түрлендіріп, мал санын көбейту. ҚР Ауыл шаруашылығы бірінші вице-министрі А.Евниевтің айтуынша, асыл тұқымды малды жергілікті репродукторлардан да алуға болар еді, алайда, бұл жағдайда мал санын арттыру тезірек жүзеге асырылмайды.

 

Әнуар ЖҰМАШБАЕВ, «Оңтүстік Қазақстан».

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444