«Бәсекеге қабілетті бизнес — бәсекеге қабілетті экономика»
«Бәсекеге қабілетті бизнес — бәсекеге қабілетті экономика» Осындай атаумен Түркістан облысында бизнес өкілдеріне арналған семинар болып өтті, деп хабарлайды «Оңтүстік» теларнасы. Оған ҚР Ұлттық экономика министрлігі, «Стратегиялық бастамалар орталығы», «Экономикалық зерттеулер институты» АҚ және «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының өкілдері қатысты.Алқалы жиында отандық бизнестің даму жолдары мен бәсекеге қабілеттілігі сөз болды. Қолайлы бизнес ортаны қалыптастыру мен инфрақұрылымға қолжетімділік, кадрлар даярлау мәселесі айтылды. Цифрлық жүйеге көшудің мән-маңызы, сала өзгерістері мен отандық бизнестің өркендеуі кеңінен қозғалды. Кәсібінің нәсібін табамын деушілерге қолайлы жағдай туғызу, бизнестің дамуына қажетті барлық шараларды қолдау. Қаржы министрлігі өкілдері мен білікті сарапшылар отандық бизнестің өркендеуіне жол ашатын мәселелерді саралады. Бұл ретте, қағазбастылықтан арылып, бармақбасты, көзқысты әрекеттерге жол бермеу, электронды жүйе арқылы жетістіктерге жету жайы талқыланды. Миллион тұрғыны бар шаһарға биыл қомақты инвестиция құйылмақ. Кездесу барысында мемлекеттік органдардың өкілдері қабылданып жатқан шаралар жөнінде ақпарат беріп, бизнес өкілдерінің сұрақтары мен ұсыныстары тыңдалды. Бауыржан Төлеуұлы – ҚР Ұлттық экономика министрлігі стратегиялық жоспарлау және талдау департаменті директорының орынбасары: «Алдағы уақытта өңірге қомақты инвестиция құйылмақ. Инвесторларға жасалатын жеңілдіктердің молдығының арқасында көптеген ауқымды жобалар қолға алынбақ».
М. Әсембек