Арыс қаласына газ құбырын жүргізу жұмыстары басталды
Түркістан облысына қарасты Арыс қаласына табиғи газ жүргізу жұмыстары басталды. Осыған орай, Темірлан елді мекенінен Арысқа дейін тартылған жоғарғы қысымды магистралдық газ құбырына қаланың негізгі газ құбырын қосуға арналған салтанатты жиын өтті. Бұл туралы Арыс қаласы әкімінің баспасөз қызметі хабарлайды. Жиынды қала әкімі М. Қадырбек ашып, жүрекжарды құттықтау сөзін арнады. Қала басшысы Қазақстан Республикасы Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Президенттің 5 әлеуметтік бастамасы» атты Үндеуіндегі 5-ші бастамасына сәйкес, қалаға газ құбырын тарту шаһарымыз үшін аса маңызды, көптен күткен тарихи оқиға екенін баса атап өтті. Елбасымыздың бастамасымен және тікелей тапсырмасымен облысымыздың қалалары мен аудандарын және ауылдарын тұрмыстық газбен толық қамтамасыз ету үшін «Бейнеу – Бозой — Ақбұлақ» магистральды газ құбыры тартылды. Осы құбыр бойынан Арыс қаласына дейін де көгілдір отын құбыры жүргізілді. Көгілдір отынмен қамтамасыз ету 3 кезеңнен бір мезгілде 2018 – 2025 жылдар аралығында жүргізіліп, жүзеге асатын болады. Бұл да болса экономикалық дамудың жарқын көрінісі болса керек.