Кәсіпкерлік нысандары көбеюде
Түркістан облысындағы Созақ ауданында бүгінде шағын және орта кәсіпкерлік нысандары көбейіп келеді. Кәсіпкерлердің көбеюі өңірдің экономикалық жағдайын көтерумен қатар әлеуметтің әлеуеттік жағдайын көтеруге де сеп болары анық. Жыл басынан бері ауданда 212 жаңа кәсіпкерлік субъектілері ашылып отыр. Сонымен қатар, кәсіпкерлік субъектілерінің жалпы саны 3 266-ға жетті. Алдағы уақытта бизнес әлеміне аяқ басатындардың қатары бұдан да арта түсері анық. Созақ ауданының кәсіпкерлік саласында 9 млрд. 533 млн. теңгенін өнімі өндіріліп отыр. Бұл көрсеткішті де өткен жылдың 8 айы мен салыстырғанда 102,3 пайызға өскенін аңғартады. Мұнан өзге, орта және шағын бизнесті дамытудың локомативі ретінде ауданда құрылған индустриалды аймақта «UKO-S-Star» Металл құрастыру зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Благо Лизинг НПЗ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, «Дархан-Ас» өндірістік кооперативі ас тұзын өндіру зауыты және «Сырлы Созақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Полимер қалдықтарын қайта өңдеу, төменгі қысымға арналған полиэтилен құбырын шығару» жобаларында шығарылатын өнім көлемі 315 миллион 200 мың теңгені құрап отырғанын да айта кеткен дұрыс. Қазіргі таңда оларда 88 адам тұрақты жұмыспен қамтылып отыр.