Қажетті өнімге сұраныс артуда
Түркістан облысына қарасты Қазығұрт ауданында кәсіпкерлігін дамытып отырғандар баршылық. Солардың бірі Б. Нұран 10 жылдан бері құрылыс материалдарын, оның ішінде шлактекшелердің бірнеше түрін, сәндік шлактекше, тас төсеуіштер және жаяу жол плиткаларын өндіреді. Кәсіпкер әу баста шлактекше шығаратын 1 құрылғымен ғана кәсіп бастаған. Ол кезде тәулігіне 1 000 дана шлакоблок өндіріліп, 4 жұмысшы еңбектенетін. Өнімдер Қазығұрт ауданының өзіне және Сарыағаш сияқты жақын аудандарға сатылады. Бұдан өзге де шалғайдағы ауылдардан да тапсырыс көптеп түседі. Бұл аудандарда ауыл шаруашылығы жолға қойылған, құрылыс саласы да дамып келе жатыр, үйлер, бала-бақшалар салынуда, шаруа, жеке қожалықтар малды азықтандыру орындарын кеңейтуде. Яғни, құрылыс материалдарына сұраныс артып келеді. Сондықтан да кәсіпкер шағын зауыттың қуаттылығын тәулігіне 5000 данаға дейін арттырып, қосымша бетонараластырғыш және арнайы техникалардан тұратын 6 құрылғы сатып алды. Бұдан өзге де құрылыс материалдарын шығаратын қуатты құрылғылар сатып алуды ойластырып жүр. Бұл өз кезегінде өндіріс қуаттылығын арттыратыны сөзсіз. Бүгінде шағын зауытта 25 адам еңбек етіп жатыр. Кәсіпкер осы жетістігімен тоқтап қалмай, бұрыннан жоспарлап жүрген тағы бірнеше идеясын жүзеге асыруды жоспарлап жүр.