Ана мен бала саулығының сақшысы

Темірбекова Гүлжан Мырзахметқызы – Шымкент қалалық №1 емхананың акушер-гинеколог дәрігері. 30 жылдан астам тәжірибесі бар білікті маман науқастардың алғысына бөленіп жүр. 1989 жылы Алматы Мемлекеттік Медицина институтын бітіріп,
1990 жылы интернатураны аяқтап, акушер гинеколог мамандығы бойынша біліктілігін жоғарылатқан.
Өзінің ширек ғасырлық еңбек жолында аналарға барынша көмек көрсетіп, қолдан келгенін аянған емес. Акушер-гинеколог дәрігердің елдің сүйіспеншілігіне бөленуінің бар сыры – өз мамандығына шын берілгендігінде. Әрине ана мен бала өміріне жауапты болу оңай емес. Алғаш бала көтергендер де, қырықтың қырқасынан асып, балалы болғысы келетіндер де алдын босатпайды. Білікті дәрігер бала көтерген барлық анаға ақыл кеңесін беріп, сөз жәрдемін де аяған емес.
Гүлжан Мырзахметқызы – өз мамандығы арқылы ананың перзент сүюіне бірден бір себепкер болып жүрген ақ халатты абзал жан. Жалпы ана мен бала денсаулығына алаңдаушылық білдіретін дәрігер жүктіліктен тыс патологиясы бар әйелдерді емдеу, аурудың алдын алу шараларын ұдайы жүргізіп отырады. Жасырары жоқ бүгінгі күні әйелдер арасында көп кездесетін қаназдық, бүйрек жеткіліксіздігі аурулары өзекті мәселеге айналып барады. Аталған ауру ана мен бала үшін қауіпті. Бұл дерт дүниеге дені сау бала әкелуіне мүмкіндік бермейді. Сондықтан әйелдер арасында отбасын жоспарлау, келесі баланы дүниеге әкелу туралы кеңес беру дәрігердің күнделікті жұмысы, әрі мұны өзінің басты міндеті деп санайды.
Еселі еңбегімен елінің елеулісіне, халқының қалаулысына айналған ақ халатты абзал жан өнегелі істерімен ел-жұрттың көңілінде жүретіні анық. Аналардың денсаулығын сақтауға өзіндік үлесін қосып жүрген дәрігер Гүлжан Мырзахметқызына алғыс айтушылардың қатары қалың.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444