Шымкентте кәсіпкерлерді сыбайлас жемқорлықтан қорғау мәселелері талқыланған жиын өтті
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаменті қалалық кәсіпкерлер палатасында жиын өткізді.
Іс-шараның негізгі мақсаты – сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру, кәсіпкерлердің құқықтарын қорғау және әкімшілік кедергілерді төмендету бағытында атқарылған жұмыстар мен еліміздің 2022-2026 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы саясат тұжырымдамасының негізгі ережелерін талқылау болып табылады.
Жиында бизнес пен инвестицияны сыбайлас жемқорлық қысымынан және әкімшілік кедергілерден қорғау – мемлекет саясатында айрықша маңызға ие екендігі баса атап өтілді.
Департамент өкілі сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында атқарылған жұмыстарға, оның ішінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдаудың маңыздылығына тоқталды. Сондай-ақ жиын барысында республика бойынша көліктік бақылау саласына жүргізілген сыбайлас жемқорлық тәуекелдері мен анықталған кемшіліктер айтылды.
Өз кезегінде қалалық кәсіпкерлер палатасы бизнес өкілдерімен тығыз жұмыс жасайтындықтан, көлік саласының маңыздылығына тоқталып, ондағы тәуекелдерді жоюға қатысты ұсыныстар берді.
Бұдан бөлек, құқық бұзушылықтардың алдын алу және ұйымның іскерлік беделін қорғау мақсатында квазимемлекеттік және жеке сектор ұйымдарында корпоративтік адалдық стандарттарын сақтауға жауапты сыбайлас жемқорлыққа қарсы комплаенс-қызметтер институты енгізілгені айтылды.