ЕЛДІКТІҢ ЖЕТІ ТҰҒЫРЫ ҚАҒИДАТЫ

Тәуелсіздіктің отыз жылдығын айтулы жетістіктермен қарсы алудамыз. Қуатты елге айналып, бірлігі бекем қоғамға айналдық. Тұңғыш Президентіміз, Елбасының сындарлы саясатының арқасында, елімізде әлеуеті зор нарықтық экономикалық жүйе қалыптасты. Ең бастысы бабаларымыз ғасырлар бойы аңсап өткен Тәуелсіздікке қол жеткізіп, елдігіміз қайта жаңғырды. Әлем қартасында Қазақстан деген егемен елдің ойып тұрып орын алуы үшін еліміздің әр азаматы аянбай еңбек етті.

Жаңа дәуірдегі қазақстандықтарға бағдар болатын «Елдіктің жеті тұғыры» атты қағидаттар жиынтығын Тұңғыш Президентіміз, Елбасы «Nur Otan» партиясы Саяси кеңесінің кеңейтілген отырысында атап өтті.

Тұңғыш Президентіміз, Елбасының саяси реформаларының нәтижесінде бүгінде елімізде жоғары демократиялық стандарттарға сай келетін тиімді көппартиялық жүйе қалыптасты. Биыл тарихымызда алғаш рет заң шығарушы және өкілдік органдарға сайлау пропорционалды жүйе бойынша өтті. Сондай-ақ ауыл әкімдерін тікелей сайлау тәжірибесі енгізілді. Бұл қадамдардың бәрі елдегі партиялар арасында бәсекені күшейтіп, олардың жауапкершілігі мен есептілігін арттыра түсті.

Қазақстан Тәуелсіздіктің төртінші онжылдығына қадам басты. Бұл ауқымды өзгерістерге, қиын да жауапты шешімдерге толы кезең болары анық.

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ ТҰҢҒЫШ ПРЕЗИДЕНТІ — ЕЛБАСЫ

Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев – 1991 жылдың 1 желтоқсанында бірінші бүкілхалықтық сайлауда сайланған Қазақстанның Тұңғыш Президенті және Елбасы. Н.Ә.Назарбаевтың тұлғасы ел өміріндегі тұтас дәуірді белгілейді.

Ұлттық рухты оятып, мемлекеттілігімізді жаңғырту миссиясы қазіргі жаһандық саясат сардарларының бірі – Нұрсұлтан Назарбаевтың еншісіне тиді. Оның тұғырлы тұлғасы ғасырлар бойы бақытты ұрпағымыз үшін темірқазықтай жол сілтеп тұрады.

Тәуелсіздік таңы атқан кезде халқымыз жаңа Қазақстанның негізін қалап, қалыптастыруды дәл осы азаматқа сеніп тапсырды. Уақыт осынау маңызды таңдаудың дұрыстығын дәлелдеді.

Оның шынайы егемендіктің негізін қалауға, тиімді экономиканы қалыптастыруға, үйлесімді қоғам құруға және ұлт тарихының жаңа кезеңіндегі ел дамуының басымдықтарын анықтауға бағытталған көпқырлы қызметінің мазмұны мен мәні Қазақстанның Тұңғыш Президентін қазіргі мемлекеттігіміздің негізін қалаушы әрі ұлттың нағыз көшбасшысы ретінде мойындау үшін салмақты дәлел болады.
Нұрсұлтан Назарбаевтың тарихи феномені ұлттың жасампаз әлеуетін үйлестіріп, әлемде «Қазақстан барысының секірісі» деген атауға ие болған жарқын болашаққа ұмтылу үшін бүкіл қоғамды жұмылдыра алуымен ерекшеленеді.

Нақты істерді атқаруды, барлық жүйеде орнықтылықты сақтауды, стратегиялық жоспарлау мен кезең-кезеңмен дамуды көздеген Ұлт көшбасшысының мұндай прагматикалық ұстанымы отыз жыл уақыт ішінде еліміздің мемлекет құрып, таңғаларлық нәтижеге қол жеткізуіне мүмкіндік берді. Қоғамның барлық саласындағы үздіксіз трансформация үдерісі мен маңызды, әрі жүйелі реформалардың арқасында дүниежүзі «Қазақстанның кереметі» жөнінде айта бастады. Әрине, мұның барлығын жасаған және авторы – Нұрсұлтан Назарбаев.

ХАЛЫҚАРАЛЫҚ БЕДЕЛІ

Бүгінде Қазақстан бірлік пен қоғамдық келісімнің алтын бесігіне айналды. Еліміздегі татулық пен ынтымақтың бірегей үлгісін жаһан жұртшылығы зерделеп, «Қазақстандық жол» немесе «Назарбаев моделі» деп баға береді. Елбасының салған сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қызығушылық жоғары. Тұңғыш Президенттің бастамалары мен идеялары терең зерттеулерге арқау болып, оған халықаралық деңгейдегі жетекші бұқаралық ақпарат құралдарының, сондай-ақ әлемдегі ірі елдердің лидерлерінің де назары күшейіп отыр.

Осылайша біз Тәуелсіздігімізді баянды етіп, ел тұтастығын сақтап, отбасылық құндылықтарды жаңғыртып, ұлт мәдениетін насихаттап, терең білім мен адал еңбекке ден қойған жасампаз ел боламыз. Осы орайда елдіктің Жеті Тұғыры дегеніміз – міне осы!

Есенбек Серкебаев
Шымкент қалалық филиалы жанындағы «Ұлт денсаулығы мәселелері» жөніндегі қоғамдық кеңесінің төрағасы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444