ШЫМКЕНТ: ҮШІНШІ ТОҚСАНДА 9-11 СЫНЫП ОҚУШЫЛАРЫНЫҢ 70 ПАЙЫЗЫ ДӘСТҮРЛІ ФОРМАТТА ОҚИДЫ
Шымкент қаласының 9 және 11-сынып оқушылары ІІІ тоқсаннан бастап мектепке келіп оқиды. Бұл ретте оқушылар негізгі пәндер қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, шет тілі, алгебра, геометрия, физика, химия, биология, география, Қазақстан тарихы және дүниежүзі тарихы пәндерінен дәстүрлі форматта білім алады. Ал қалған пәндер информатика, өзін-өзі тану, дене шынықтыру, құқық негізі және алғашқы әскери технологиялық дайындықты қашықтан өтеді.
Шымкент қалалық Білім басқармасының мәліметінше, әлеуметтік ара қашықтықты сақтау үшін ауысымдар мен кіші ауысымдар көбейеді. Бір сабақтың уақыты 30 минуттан аспайды. Ал санитарлық нормалар қатаң сақталады.
Осы орайда сабақ кестесін құру кезінде жоғары сынып оқушыларының жас ерекшеліктері, олардың қабілеттері мен қажеттіліктері, жаңартылған білім беру мазмұнына көшуі және кіріктірілген сабақтарды өткізу мүмкіндігі ескеріледі. Сондай-ақ, оқушылардың білімін тексеру және қорытынды аттестаттауға дайындық 5 адамнан аспайтын топтарда жеке консультациялар ұйымдастырылады.
Айта кетейік, қалада биылғы оқу жылында 9-сыныпта 16 226 оқушы, ал 11-сыныпта 9 584 оқушы білім алуда.
Осы ретте еске сала кетсек, Шымкент қаласындағы білім беру ұйымдарында І тоқсанда 1-4-сыныптар аралығында 21 196 (23%) оқушы кезекші сыныпта және 172 581 (77%) оқушы қашықтан оқыды. Ал ІІ тоқсанда 300-ге дейінгі оқушы контингенті бар 9 мектеп санитарлық талаптарды сақтай отырып, дәстүрлі форматта білім берді. Одан бөлек, қосымша 857 кезекші сынып ашылып, 76 827 (34%) оқушы кезекші сыныпта, 146 950 (66%) оқушы қашықтан білім алды.