Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толды

2020 жыл еліміз үшін ұлт руханиятында маңызды мерекелермен есте қалмақ. Сондай атаулы оқиғаның бірі – еліміздегі бірлік пен берекенің ұйытқысы болған Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы.

Бүгін қоғамның ажырамас бөлшегіне айналған осы бір құрылымның пайда болуы саяси-әлеуметтік қажеттіліктен туындады. 1992 жылы ел тәуелсіздігінің бірінші жылына арналған Қазақстан халқының алғашқы форумында Нұрсұлтан Назарбаев тұңғыш рет ұсынған мұндай институт саяси тұрғыдан, сондай-ақ жаңадан құрылған тәуелсіз, полиэтносты, поликонфессиялық мемлекеттің тұрақты дамуын қамтамасыз ету керек болатын. Осылайша, 1995 жылғы 1 наурызда Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен Мемлекет басшысының жанындағы консультативті кеңесші орган дүниеге келді.

Өткен жылдар ішінде Қазақстан халқы Ассамблеясының институционалдық  құрылымы нығайып, қоғамды ұйымдастырушы әлеуеті толасты. Ол халық дипломатиясының маңызды күретамырына айналды. Бүгінде Ассамблея Елбасы төрағалық ететін конституциялық орган. Бұл оның ерекше мәртебесін айқындайды.

Елдегі тұрақтылық пен келісімді сақтауда тікелей Елбасының бастамасымен құрылған, әуелде Қазақстан халықтары Ассамблеясы аталған құрылымның рөлі зор болды. Жаңа құрылған институттың мақсаты – қазақ халқының топтастырушылық рөлін арқау ете отырып, қазақстандық патриотизм, Қазақстан халқының азаматтық және рухани-мәдени ортақтығы негізінде қазақстандық біркелкілікті  және бәсекеге қабілетті ұлтты қалыптастыру процесінде республикадағы этносаралық келісімді нығайту болды.

Мемлекетті құрушы қазақ ұлтының айналасына шоғырланған түрлі этнос өкілдері Ассамблея арқылы рухани тұрғыда қайта түледі. Оның 25 жылдық тарихы жетістікке жету жолындағы қиын да қауырт еңбек жолынан өрілді. Тарихтың осынау кезеңдегі парақтарында әр өңірдегі түрлі ұлыстардың үйлесімділігі, тату  тіршілігі, тәуелсіз елімізді көркейтудегі ерен еңбегі жазылды.

Әлемдегі әр мемлекет ұлттық болмысымен ерекше, рухани құндылығымен бай, татулығымен сәнді, егемендігімен еңселі, тәуелсіздігімен тұғырлы. Қоғамдық келісіммен жалпыұлттық татулықтың бірегей үлгісіне айналған Ассамблеяға  бүгіндері  ширек ғасыр толып отыр.

«Бірлік бар жерде – тірлік бар» дейді дана халқымыз. Тірліктің сан қилы теперішін басынан өткерген, қай заманда да қиындықтан қайыспаған халқымыз осы сөздің астарына үлкен мағына сыйғызды. Халық бірлігі ғана мемлекеттің негізгі қозғаушы күші бола алатынын дөп басып айтты. Бірліктің рухани негізі мен елдің біртұтастығы, толерантты қарым-қатынас этносаралық және конфессияаралық келісімді қалыптастыруда азаматтық қоғам мен мемлекеттік институттардың өзара іс-қимылына, тиімді диалогына жағдай жасады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444