«Чусок» — кәріс халқының астық мерекесі
Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл
Жыл сайын Шымкент қалалық корей этномәдени бірлестігі Чусок мерекесін тойлап келеді. Биылғы жылғы ай күнтізбесі бойынша бұл мереке 15-қыркүйекке түсті. Ұйымдастырушылардың айтуынша Кореяда бұл мереке 5 күн тойланады.
«Чху» корей тілінен аударғанда — күзді, «сок» — кеш деген мағынаны білдіреді. Осы мереке қарсаңында дейін еңбек сүйгіш адамдармен өсірілген табиғат сыйлары әбден пісіп жетіледі. Егер күріш, жеміс-жидектердің өнімі көп болса, бұл игілік пен береке науқаны үлкен думанға ұласады.
Қазіргі таңда чусок Кореяда, сондай-ақ ТМД елдеріндегі көптеген мерекелер сияқты өзгерістерге ұшырап, қазіргі заман талабына сай өткізіледі. Көптеген салттар мен дәстүрлер сақталмаған. Осыған орай ұйымдастырушылар іс-шара барысында барлық қонақтар үшін ежелгі кәріс елінің бір бейнесін келтіріп, жиналған қауымды тым болмаса бір сәтке, ерте кезеңдерге саяхат жасатып, рухын сезіндірді.
Іс-шара ұйымдастырушыларының айтуынша, үй иелері мереке қарсаңында үйінің қабырғаларына келер жылы астық жақсы өнім берсін деген ниетпен астықтан бау байлап іліп қояды екен. Мереке аяқталса да, осы «әшекейлер» шешілмейді,ата- бабаларға арналған сый болып саналады.
Ай толып, өзінің жарқыраған таңғажайып жарығын төккен кезде дәстүр бойынша ежелгі Кәріс елінде оған ғибадат етіп, тәтті тағамдарды дайындайды: чимпень, чальток, сонпхён, күріш шарабы, т.б.
Сондай-ақ, чусок мерекесі кезінде ата-бабалардың зиратына бару салты сақталған. Оны «сонмё» деп атайды. Бейіт басы жинақталып, жаз бойы өскен арамшөптер шабылады. Бұл ата-бабаға деген сый-құрметтің белгісі. Өз кезегінде бұл адамның міндетті парызы болып саналады.
Чусок мерекесі күні таңертен әр шаңырақта дастархан басында ата-бабалар рухына құрбандық шалу — «чарэ» рәсімі өткізіледі. Осындай рәсім жылына екі рет өткізіледі: Соллаль – ай күнтібесі бойынша Жаңа жыл мерекесі және Чусок мерекесі кезінде. Осы күні дастарханда жаңа астықтан алынған күріш өнімдері, міндетті түрде күріш арағы – соджа, тәтті құрма, күнжіт немесе ұсақталған бадана жағылған «сонпхён» күріш наны болады.
Мерекені тойлау барысында барлық қонақтар күріштен жасалатын «чимпень» дәстүрлі корей жұқа нанынан дәм татады. Қонақтардың айтуы бойынша, ұйымдастырушылар мерекенің нағыз бейнесін көрсете алды. Бір жерде балуандар сыйлыққа өгіз аламын деп жеңіс үшін бір-бірімен «ссирым» деп аталатын күреске қатысып жатса, балалар аспанға батпырауық ұшырып, ақсақалдар мен ер адамдар «өмір туралы» әңгімелерін айтады, ал бойжеткендер «нольтвигте» ойынын ойнайды.