БИЗНЕС СЫБАЙЛАС ЖЕМҚОРЛЫҚҚА ҚАРСЫ ҚЫЗМЕТТІҢ ҚОРҒАУЫНДА
Бұл туралы Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің басшысы Асхат Жұмағали мегаполистің бизнес өкілдерімен кездесу барысында мәлімдеді.
«Біз бизнес пен инвесторларды қорғау (Protecting Business and Investments) жобасын жүзеге асырудамыз.
Ол қолайлы кәсіпкерлік ортаны құруға, әкімшілік кедергілерді жоюға, бизнеске қолдау көрсетуге бағытталған.
Бүгінгі таңда Департамент 75 млрд.теңгеден астам сомаға 35 инвестициялық жобаны (6 шетелдік қатысумен) Сыбайлас жемқорлыққа қарсы сүйемелдеумен қамтамасыз етті», деп хабарлады Асхат Жұмағали.
Ағымдағы жылдың өзінде бизнесті қорғау шеңберінде 20-ға жуық кәсіпкерлік субъектісінің құқықтары қалпына келтіріліп, олардың қызметіне заңсыз араласқаны үшін 8 лауазымды тұлға қылмыстық жауапкершілікке тартылды.
Мысалы, оқыту бизнес-семинарын өткізу үшін құны 300 мың теңге тұрмыстық техника түрінде заңсыз сыйақы алған Мәдениет басқармасы басшысының орынбасары Үмбет айыппұл төлеуге сотталды.
Жалпы қамқорлығы мен сауданы кедергісіз жүзеге асыру үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған (он мың теңгеден алпыс бес мың теңгеге дейін) Әл-Фараби аудандық әкімдігінің кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Қанлыбаев айыппұл төлеуге сотталды.
Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитетінің аумақтық инспекциясының мемлекеттік санитарлық инспекторы Арапов алты жылға бас бостандығынан айырылды. Ол мал шаруашылығы өнімдерін қала базарларына әкелген кезінде санитарлық сертификаттарды беру үшін кәсіпкерлерден жүйелі түрде пара алған.
Қорыта келе, Асхат Жұмағали бизнес өкілдерін мемлекеттік органдар тарапынан әкімшілік қысым және өзге де заңсыз араласу жағдайында Департаментке жүгінуге болатындығын және міндетті түрде тиісті шаралар қабылданатынын жеткізді.