Шымкент қаласы бойынша Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жанындағы Жұмысшы топ мегаполис дәріханаларында рейдтер жүргізді
Іс-шараға Департамент басшысы А.Жұмағали, мәслихат депутаттары, оның ішінде мәслихат хатшысы Ғ.Ташқараев, Арнайы мониторингтік топ жетекшісі Ә.Әссанди, қоғам белсенділері мен волонтерлар, қала әкімдігі мен фармбақылау, «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңcесінің өкілдері мен Департамент қызметкерлері қатысты.
Мониторинг дәрілік препараттардың бағасын көтеру, олардың бар болуы немесе тапшылығы фактілерін анықтау, дәрі-дәрмектердің жеткіліксіз қамтамасыз ету себептерін анықтау, сондай-ақ препараттарды азаматтарға жедел жеткізу бойынша мемлекеттік органдармен бірлескен шаралар қабылдау мақсатында жүргізілді.
Мониторинг барысында бірқатар дәріханаларда метрогил, сумамед, аспирин, анаферон, ингавирин, кликсан, цефтриаксон және т.б. дәрі-дәрмектердің бар екендігі анықталды. Дегенмен, дексаметазон, иуфилин, мерапенем, мегасефт сияқты қажетті препараттар әлі де жоқ.
Фармацевтердің айтуынша, аталған дәрі-дәрмектер 10 күннен бері дәріханаларға түспеген. Дистрибьюторлар қоймаларында дәрілік заттардың болмауына байланысты тапшылық қалыптасқанымен, жақын арада дәрі-дәрмектерді жеткілікті мөлшерде жеткізу күтілуде.
Айта кету керек, мониторинг барысында үлкен кезектер мен дәрі-дәрмектердің бағасын көтеру фактілері анықталмаған және олар шекті бағалар тізіліміне сәйкес сатылуда.
Мұндай фактілер анықталған жағдайда тиісті шаралар қабылданатын болады.
Егер Сіз дәрі-дәрмектер мен медициналық бұйымдар бағасының жоғарылауына және жетіспеушілігіне куә болсаңыз, 8702 000 24 94, 8775 306 78 50 WhatsApp нөмірлеріне фото және бейне материалдарды жібере аласыздар.
Рейдтік іс-шаралар «Antikor.Live» жобасы аясында тікелей эфирде көрсетіліп, жергілікті телеарналар тарапынан ақпараттық қолдауға ие болды.
Бұл бағыттағы жұмыс жалғасын табатын болады.