Түсім жоғары болмақ
Түркістан облысына қарасты Мақтарал ауданында индустриялық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында ашылған жобалар көп. Ауданға қарасты Қазыбек би ауылдық округінде орналасқан «Береке-мақта» ауылшаруашылығы өндірістік кооперативі 2016 жылы құрылған болатын. Қарамағында 6832 гектар жері бар. Оның ішінде 5740 гектар мақта, 660 гектар бақша, 2 гектар көкөніс, 40 гектар жаңа жоңышқа, 150 гектар ескі жоңышқа, 229 гектар дәндік жүгері, 11 гектар сүрлемдік жүгері егетін егістік алқаптары бар. Облыстағы индустриалдық-инновациялық даму бағдарламасының жемісі деуге болады. Жалпы саны 188 дана техникасы бар кооператив «Оңтүстік» аймақтың инвестициялар орталығынан алдыңғы жылы 25 миллион теңге несие алса, өткен жылы 100 миллион теңге алған. Алынған несиеге мақта теретін комбайндар, тракторлар, тіркемелер, автограйдерлер, культиваторлар, дәнсепкіштер, арнайы агрегаттар т.б. техникалар алған. Бүгінде заманауи техникалардың арқасында егістіктен алынатын өнімді еселеп көбейтіп отырған кооператив мақта терім науқанын табысты аяқтап жүр. Биыл да мақта түсімі жоғары болады деген үміттері бар. Жыл сайын құбылып тұратыр мақта бағасы биыл жоғары бағаланады деген сенімдері де жоқ емес.