Әрдайым бірлігіміз ажырамасын
ҚАЗАҚСТАН ХАЛҚЫ АССАМБЛЕЯСЫНА 25 ЖЫЛ
Шымкент қаласы Татар-башқұрт этномәдени бірлестігі жыл сайын «Чак-чак байрамын» өткізіп келеді. Чак-чак татар халқының тәтті дәмі. Бал қосылып жасалған тіл үйірер чак-чак — бұл бауырмашылықпен бір дастархан басына жиналатын халықтың достық пейілі, кең қонақжайлылық белгісі десе болады. Татар-башқұрт этномәдени бірлестік төрайымы Асия Ериковнаның айтуынша, татар халқы да аса қонақжай, бар жылы-жұмсағын қонағының аузына тосатын меймандос халық. Қазақ пен татар халқының салт-дәстүрінде ұқсастықтар көп. «Чак-чак байрамында» қазақтың ұлттық бас киімі сәукеле үлгісінде жасалған чак-чак тәттісі алдыңғы орынға ие болып, көрермендердің танданысына бөленген еді. «Бұл қазақ халқына, оның салт-дәстүріне жасалған құрмет. Әрқашан елімізде мекен ететін ұлттар ауызбіршілігі арта берсін, әрдайым бірлігіміз ажырамасын» дейді Асия Мухамедова.