Қарақалпақтар
Қазақстан халқы Ассамблеясына 25 жыл
Өңірде 2001 жылы құрылған қарақалпақ этно-мәдени бірлестігіне бүгінде Қадыр Ибрагимов жетекшілік етеді.
Қадыр Ибрагимов – байырғы футболшы, он жылдың барысында «Пахтакор» және «Қайсар» (Қызылорда) командаларында ойнаған, Ташкент денешынықтыру институтының түлегі, Шымкент қаласында туып-өскен. 1990 жылдан бері дене шынықтыру пәнінің оқытушысы қызметін атқарып келеді.
Қарақалпақ этно-мәдени бірлестігі қазақстандық патриотизм мен елдегі бірлікті бекемдеу, қоғамдағы тұрақтылық пен өзара түсіністікті қамтамасыз ету, қарақалпақ тілін, тарихын, салт-дәстүрі мен мәдениетін сақтау және оны жас буынға үйрету бағытында жұмыс атқаруда.
Шымкенттік қарақалпақтар әр салада жемісті жұмыс етіп, бірлік пен татулықты нығайтуға атсалысып келеді. Қарақалпақ этно-мәдени бірлестігі өз отандастарының арасында қарақалпақ салт-дәстүрі мен тілін насихаттайды.
Түрлі жазбаларда қарақалпақтардың қазақтармен туыс халық екені жайлы жазылады. Дереккөздерге назар аударсақ, олар сан ғасырлар бойы, тіпті күні кешегі 1936 жылға дейін қазақтың құрамында болды.
Қазіргі Қарақалпақ жеріндегі Әмударияның бір саласы Қазақдария деп аталса, Қазанкеткен атты елді мекен, Қарабауыр, Қаражар, Қараөзен атты микротопонимдер бар.
«Қарақалпақ халқының құрамындағы қазақтың белді рулары үйсін, балғалы және қайшылы (жалайыр), қаңлы, қарамойын(қыпшақ), ашамайлы және шереуші (керей), бағаналы, терістамғалы, қаракерей және садыр (төртеуі де наймандар), байбақты, адай, сумұрын, беріш және таз(бесеуі де алшын)»(М. Тынышбаев «Қазақ халқының тарихына қатысты материалдар»Ташкент-1925. 27 бет.) бар.
«Өзімізден айрылған қарақалпақ деген ел бар. Ол тіпті қазақ атанған соң айрылған. Олар Сырдарияға барып орнығып, бұрынғы сарт атанып тұрғандармен бірге сарт атанған» (Ш. Құдайбердіұлы «Түрік, Қырғыз, қазақ һәм хандар шежіресі» Орынбор -1911. 65 бет).
Зерттеушілердің пікірінше, қарақалпақтардың арғы тегі біздің жыл санауымызға дейін Арыс Солтүстік Кавказ бен Дешті Қыпшақ даласына дейінгі ұлан-байтақ кеңістікте көшіп-қонған тайпаларға саяды. Профессор Н.А. Баскаковтың атап өткеніндей, Үлкен Ноғай ордасынан XV-XVI ғасырларда қазақ, қарақалпақ, ноғай халықтары бөлініп шыққан. 1723 ж. жоңғар қалмақтарының жойқын шабуылынан «ақтабан шұбырындыға….» ұшыраған қазақтармен бірге қарақалпақтар да Орта Азияның ішкі аудандарына, Ресей шекарасына ауа көшті, Кіші жүз қазақтарымен күш біріктіріп, қалмақтарды Жайық пен Жем бойынан ығыстырды. Қарақалпақтар ерте кезден жартылай көшпелі халық болған. Мал шаруашылығымен, балық аулаумен қатар көне дәуірден-ақ суармалы егіншілікпен шұғылданып келді. Бидай, арпа, күріш, тары екті, жүзім өсірді, әр отбасының бау-бақшасы болды. КСРО тұсында Өзбекстанда ауланатын балықтың 90 % — ын қарақалпақтар беріп келген. Алайда Арал апатына байланысты балық аулау кәсібі үлкен күйзеліске ұшырады.