Жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау саласындағы сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін жою жолдары қаралған жиын өтті
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметі жемқорлықпен күресті күшейтуге және оның алдын алу тиімділігін арттыруға бағытталған.
Осы орайда, қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының ұжымымен кездесу өтті.
Шараға Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің, Мемлекеттік қызмет істері Агенттігінің қалалық департаменті, қала әкімі аппараты мен қалалық цифрландыру басқармасының өкілдері қатысты.
Жиын барысында көпбалалы аналарды әлеуметтік қолдау және атаулы әлеуметтік көмек көрсету кезіндегі кемшіліктердің алдын алу жолдары мен 2019 жылы Басқарма қызметінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне жүргізілген сыртқы талдау қорытындысы қаралды. Сондай-ақ, бюджеттік бағдарламалар әкімшілерімен мемлекеттік сатып алуды жоспарлау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Шымкент қаласының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметінің жедел-тергеу тәжірибесі атаулы көмек тағайындау кезінде сыбайлас жемқорлық тәуекелдері бар екендігін көрсетті.
Осы орайда, Басқарма мен оған қарасты мекемелердің ұжымдары арасында Департамент және «Шымкент-адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің менеджерлерімен жүйелі түрде түсіндіру жұмыстары жүргізіліп отырғандығы айтылды.
Сонымен қатар, Мемлекет басшысы қол қойған сыбайлас жемқорлыққа қарсы заңнамаға енгізілген жаңашылықтарға тоқталып, басшылар бағынышты қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлық қылмысын жасатпауға, оның алдын алуға міндетті екендігі жеткізілді.
Шара барысында Агенттіктің «1424» Call-орталығы азаматтарға тегін ақпараттық-консультациялық қолдау көрсетеді, шағымдар, өтініштер, ұсыныстар мен пікірлерді қабылдайды, сыбайлас жемқорлық фактілеріне, сондай-ақ кәсіпкерлік қызметке кедергі келтіру жағдайлары туралы телефон хабарламаларына шұғыл әрекет ететіндігі хабарланды.