Дала игілігі себілген дәнде

Өткен жұмада Абай ауданының әкімі Серік Жаманқұлұлы Шайдаров Көксу селолық округіне қарасты шаруашылықтардың көктемгі егіс жұмыстарындағы жағдайларымен танысты.

Аудан басшысының жанында аудандық әкім аппарат жеткешісі Клара Бапарқызы мен аудан әкімінің экономикалық мәселелер жөніндегі орынбасары Айдос Ғибадоллаұлы науқандық шаруалардың жай-жапсарына қанықты. Көксу ауылына кіре берісте осы селолық округтің әкімі Журавицкая Галина Павловна мен аудандық ауыл-шаруашылық бөлімінің бастығы Асқар Дәукенұлы Санаубаров қарсы алды.
Әкімдік өкілдері әуелі ат басын «Астра-Агро LTD» ЖШС-не бұрып, көктемгі егіс жұмыстары мен дәнді дақылдар мен картоп егілетін жер иеліктерінің жалпы жұмыстарына үңілді. 250 адам нәпақасын тауып отырған «Астра-Агро LTD» ЖШС-ң жетекшісі Шимпф Александр Яковлевичтің иелігінде 24 690 га, оның 1 561 га суарылмалы жер болса, 315 га шабындық, 21 710 га аумақ мал өрісі, жыртылған жер 2 665 га төңіректі алады.

Биыл бұл шаруашылық 1344 га дәнді-дақылдарды егуді жоспарлап, бүгінгі таңда оның 570 га дән себілген. Сондай-ақ картоп жоспар бойынша 480га болса, оның 190 га игерілген, жем-шөп дайындығына 1872 га белгіленіп отыр. Серіктестіктің дәнді-дақылдар сақтайтын 4000 тонналық дәнді дақылдарды сақтайтын 2, картопқа арналған жалпы сыйымдылығы 16 000 тоннанны тоғытатындай көлемді 5 қоймасы бар екен. Осы қоймаларды дала игілігіне толтыру үшін егіс даласында әр-түрлі модификациядағы 48 техника таңнан кешке жұмыс жасауда.

Кәсіпорын басшысы Александр Яковлевичтің айтуынша, қазір аталған шаруашылық қазақстандық селекциядан шыққан жоғарғы санаттағы картоп тұқымының лабороториялық сараптама арқылы зиянсыз шағын түйнектерін  дайындауды қолға алып отыр. Жобаның құны 240 млн теңге, жобалық күшіне шығу мезгілі 2017 жыл. Ал өткен 2014 жылы өнім іріктеуде  22 тонна –М2,  өте сапалы супер элиталық картоп сараптамасы арқылы  40 тонна өнім өндірілген.

Сонымен қоса, «Астра-Агро LTD ЖШС тұқымдық картоп дайындау ғана емес, шошқа, сиыр еті мен сүт өнімдерін өндірумен де айналысады. Шаруашылықта еуропалық құрылғылармен қамтамасыз етілген 2000 бас шошқа сиятындай фермасы да бар, оны келешекте 3000-ға жеткіземіз дейді. Мүйізді  150 бас ірі қараны бағатын  ферма да жұмысын жандандырып келеді. 2015 жылғы санақ бойынша «Астра-Агро LTD» ЖШС-де 492 бас ірі қара, оның ішінде 150 бас сауын сиыр, шошқа-2 454 бас, жылқы малы -75 басты құрайды екен.
Аудан әкімінің келесі бағыты Көксу ауылдық округіне қарасты «Шанс», «Галина», «Макс» атты жеке шаруашылықтарына бұрылды. Шаруашылық 1998 жылы құрылған. Жетекшісі жергілікті азамат Жабяк Игорь Васильевич. Мұнда еңбек ететіндер саны 200 адам. Жеркөлемі -21 174 га, оның егістігі -12 324,1 га, шабындық- 655 га, жайылымдық-7 153,2 га, оның 3 437 га жерінің шөбі түбегейлі құнарландырылған. Көктемгі ауа-райының құбылыстарына қарамай егу-себу жұмыстары жалғасып жатыр. Дәнді-дақылдар 10 223 га жоспарланса, оның 9000 га себілген. Картоп 900 га межені меңзесе, әзірге оның 15 га ғана салыныпты. Мал азығын дайындауға 2 740 га жобаланса, 1 400 га егілген екен. Жемдік жүгеріге 300 га беріліп отыр. Шаруашылықта 19 000 тонна картоп сақталатындай 3 орындық қойма, 6000 тонна дайын дақылдар салынатын 5 қамба бар.
Игорь Васильевичтің иелігінде мал шаруашылығына тоқталсақ- 224 бас ірі қара, олардың ішінде 124 сиыр, жылқы малы-1 141 бас, шошқа-3 579 бас. Жаңа жетістіктермен қамтамасыз етілген техниканың 56 түрі осы шаруашылықтағы барлық жұмыстардың басы-қасында.
«Шанс» шаруашылығында «100 басқа арналған жылқы фермасы құрлысының жобасы» бар. Инвестицияның жалпы құны 300 млн теңге, оның 150 млн өз қаржысымен, қарызға 150 млн теңге алынып, осылайша 2011-2015 жылдар аралығында айналымға шығады деп күтілуде. 35 адам еңбек ететін жылқы фермасы биыл аяқталуға жақын.
Аудан әкімі мен ауылшаруашылық мамандары өзара салынатын тұқымдардың тегі мен сапасы жайында, олардың суарылуы мен тыңайтқыштар арқылы зиянкестерден қорғалуы туралы түсініктемелер алмасып жатты. Картоп егудің голландық, германдық тәсілдері мен топырақтың химиялық құрамалары да жіті қадағаланып отыр. Маңайдағы ауылдардағы мал жайылымдарының да тым жақын болуы кәсіпкерлер үшін қауіпті екенін де жеткізді. Жер ортақ байлығымыз, оның игере білсек игілікке жетеміз, мемлекеттік жобаларға сай ымырамен, ынтымақпен еңбек етсек ырыс бізден алысқа кетпейді.
Руслан НҰРБАЙ

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444