ӘКІМШІЛІК ҚҰҚЫҚ БҰЗУШЫЛЫҚТАР ТУРАЛЫ КОДЕКСІНЕ ЕНГІЗІЛГЕН ӨЗГЕРІСТЕР ТАЛҚЫЛАНҒАН ЖИЫН ӨТТІ
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігінің Шымкент қаласы бойынша департаментінің басшылығы Ұлттық статистика бюросының қалалық департаментінің ұжымымен кездесті.
Онлайн режимде өткен шараға Департамент басшысы А.Жұмағали, оның бірінші орынбасары Т.Серікбаев, Ұлттық статистика бюросының қалалық департаментінің басшысы Е.Култаев және қызметкерлері қатысты.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, ұжымда парасаттылық құндылықтарын дәріптеу, заңнамаға енгізілген өзгерістерден хабардар ету болып табылады.
Шараны ашқан Департамент басшысы А.Жұмағали сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл тек уәкілетті органның ғана емес, бүкіл мемлекеттік органдардың міндеті екендігін атап өтті. Сонымен қатар, ол Департамент тарапынан мемлекеттік органдардың ашықтығы, айқындылығы және клиентке бағдарлануы бойынша жүргізіп жатқан жұмыстары жайында ақпарат берді.
Кездесуде Департамент басшысының бірінші орынбасары Т.Серікбаев Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы Кодексіне енгізілген өзгерістерге тоқталып, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметке 15 бап бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттамалар толтыру құқығы берілгенін атап өтті. Олардың ішінде Кодекстің алты сыбайлас жемқорлық бабы (ӘҚБтК-нің 676-681-баптары), кәсіпкерлік қызмет саласындағы екі құрам (ӘҚБтК-нің 154, 173-баптары), мемлекеттік билік институттарына қол сұғатын және әкімшілік немесе қылмыстық іс жүргізу кезіндегі бұзушылықтарға байланысты жеті құқық бұзушылық (ӘҚБтК-нің 658-662, 665, 667-баптары) бар.
Ұлттық статистика бюросының қалалық департаментінің басшысы Е.Култаев сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мақсатында мекеменің атқарған жұмысына тоқталып, шара ұйымдастырушыларына алғысын білдірді.
Жиынды қорытындылаған А.Жұмағали жемқорлыққа қарсы іс-қимылда бірлесе жұмыс жасауға шақырып, бағыныштылардың сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтары үшін басшылардың жауапкершілігін назарда ұстауға, ұжымда тұрақты түрде түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, сыбайлас жемқорлық тәуекелдеріне ішкі талдаудың сапалы өткізілуіне назар аудару қажеттігін атап өтті.