Келісім көкжиегі кең
Бүгінде өңірге инвестиция салуға қызығушылық танытып отырған шетелдік компаниялар қатары артып келеді. Жуырда ғана облыс әкімдігі өзбекстандық «Alliance textile» кәсіпорнымен Оңтүстіктегі тоқыма өнеркәсібіне инвестиция салу бойынша келісімге келген болатын. Одан бөлек , «Оңтүстік» индустриалдық аймағындағы тоқыма кәсіпорындарын оңалту үшін меморандум түзілді. Яғни, көрші елдің «Казтехинпекс» ЖШС-мен, сонымен бірге медициналық мақсаттағы бұйымдарды өндіруге арналған зауыт құрылысын салу бойынша облыс әкімдігі мен өзбекстандық «Дентафиль плюс» компаниясы арасында келісімшарттар жасалды. Бұдан бөлек, облыс орталығында барша жасыл технология саласындағы инвестициялық жобаларды іске асыру бойынша Шымкент қаласы әкімдігі мен «Халықаралық жасыл технологиялар және инвестициялық жобалар орталығы» коммерциялық емес акционерлік қоғамы арасында серіктестік туралы келісімге қол қойды. Екі елдің 8 кәсіпкерлері арасында экспортқа арналған өнімдерді жеткізу туралы шарттар жасалды. Мұндай мәмілелер аймақтағы индустриалдық инновациялық даму бағдарламасына серпін берері анық. Бұл өз кезегінде өңірдегі өндіріс орындарының қанатын кеңге жайып, кәсібін өркендетуге даңғыл жол ашпақ.