Инвестициялық ахуалды жақсарту үшін…
Табиғаты таңғажайып күнгейде түйе шаруашылығын дамытуға еш кедергі жоқ. Өңірде салынып жатқан зауыт түйе сүтiмен толық қамтамасыз етiлуi тиiс. Бұл орайда аудан, қалаларда түйе сүтiн жинайтын пункттер ашу да маңызды. Екі жыл бұрын елімізде тіркелген Golden Camel Group LTD компаниясы қуаттылығы тәулігіне 100 тонна сүт өңдейтін өндірістің құрылысын бастаған еді. Құны 7,5 млрд. теңге болатын зауыттың жылына 2500 тонна құрғақ сүт өндіретіні жоспарланғаны және инвестициялық жоба іске қосылғанда 150-ден астам азамат жұмыспен қамтылатыны айтылған-ды. Зауытта әзірленген дайын өнімдердің республика нарығынан бөлек, Қытай, Сауд Арабия, Гонконг елдеріне экспортталатынан да жұрт хабардар. Өңірлік инвестициялық кеңестің отырысында облыс әкіміне зауыттың құрылысы жөнінде мәлімет берген «Golden Camel Group Ltd» компаниясының басшысы Ли Хуэй жақын арада 30-ға жуық жергілікті тұрғындар жұмысқа қабылданбақ. Инвестициялық кеңесте облыс әкімі өңірге инвесторларды тарту мен инвестициялық ахуалды жақсарту мақсатында құрылған өңірлік кеңестің жұмысын одан әрі жандандыру қажеттігін айтты. Бұл индустриалды-инновациялық дамудың басым бағыттарының бірі.