Қолдау бар, нәтиже де жоқ емес
Өткен жылы «Бизнестің жол картасы 2020» бағдарламасымен 499 жобаға қолдау көрсетілсе, «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту 2017-2021 жылдарға арналған бағдарламасының» екінші бағыты аясында 911 кәсіпкерге 4,1 млрд.тг көлемінде шағын несие берілген. Ал «Бастау бизнес» жобасы бойынша 1 500 адам оқудан өткен, оның ішінде 300-і өз кәсібін бастады, деп хабарлайды облыстық әкімдігінің баспасөз қызметі. Өңірлік қаржы институттары — «Оңтүстік» Аймақтық инвестициялық орталық және «Ырыс» МҚҰ арқылы 2017 жылы 8,3 млрд. теңгеге 2 342 жобаға қаржылай қолдау көрсетіліп, нәтижесінде 4 618 жаңа жұмыс орындары ашылған. Отандық тауар өндірушілерге жан-жақты қолдау көрсету маңызды әрине. Зерттеу жұмыстарының нәтижесінде Сарыағашта болашақта қажетті 44 бизнес нысан анықталған. Оңтүстікқазақстандық тауарөндірушілердің бәсекеге қабілетті болуы үшін индустриалды-инновациялық дамудың маңызы жоғары. Сондықтан да өңірде индустриалды аймақтарды көптеп ашып, өнім өндіретін өндіріс орындарын көптеп ашу қажет. Бұл көп кәсіпкердің көкейінде жүрген мәселе. Жерді тиімді пайдалану, әр ауданның мүмкіндігіне талдау жасау, сол арқылы ыңғайына қарай кәсіп көзін ашу, бәсекеге қабілеттілікті арттыру да күн тәртібінде тұрған мәселе.