Газобетон өндірісі өрлеп келеді
Оңтүстік Қазақстан облысындағы Қазығұрт ауданында бүгінде кәсіпкерлік кең қанат жайып келеді. Істің көзін таба білетін кәсіпкерлер сұранысқа аса қажетті тауар өндіруді шебер меңгерген. Әрі маркетингтік зерделеу, талдау жұмыстарына ден қойып, сұранысқа ие тауарларды таңдап, сол кәсіптің көзін тауып тасын өрге домалатып отырғандар да жоқ емес. Қазығұрттықтар енді аудан, облыстың ішкі нарығынан көрші аудандарды да газобетон блоктарымен қамтамасыз етуге құлшынып отыр. Құрылысқа аса қажетті материал өндірумен айналысатын өндіріс орнының әзірге аяқ алысы жаман емес. Сұраныс күннен күнге артып келеді. Жаңадан ашылған кәсіпорын жылына 12 мың шаршы метр газобетон блогтарын шығаруға қауқарлы. Жаңа кәсіпорын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының аясында аудандағы индустриалды аймақта ашылған. Өңірдегі құрылыс саласы үшін аса қажетті өнім өндіретін жобаның жалпы құны 120 миллион теңгені құрайды. Бүгінде аудандағы жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің дені газобетон блоктарымен тұрғызылуда. Кәсіпорында 12 адам тұрақты жұмыс істейді. Өзге құрылыс материалдарына қарағанда құны да арзан. Ал газоблок өндіруге қажетті шикізаттың бәрі ауданның өзінен шығады. Өнім өндірге қажетті құм, цемент, алюминийлі ұнтақ – мұның бәрі ауданның өзінен шығарылады. Яғни өнім толықтай отандық өнімдерден дайындалады.