Шымкентте Масленица мерекесі өтті

Бүгін Шымкентте қалалық славян этномәдени бірлестігінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы аясында славян халқының дәстүрлі Масленица мерекесі өтті.
«Қазақстан халқы Ассамблеясы» ғимаратында өткен мерекелік шараға қаладағы барлық этномәдени бірлестіктердің өкілдері қатысып, славян халықтарына ортақ дәстүрлі мерекеге орай жақсы тілектерін білдірді.
Мереке аясында оған қатысушылар құймақтың түр-түрін әзірлеп, мерекелік дастарханның сәнін кіргізді. Славян этномәдени бірлестігі жанындағы хор ансамбілі, бишілер өнер көрсетіп, қала тұрғындарына жадыраңқы көңіл-күй сыйлады. Қалалық орыс драма театрының әртістері мерекеге қатысушыларға театрландырылған қойылым тарту етті.
Арқан тарту, қол күрес сынды спорттық ойындардан да жарыстар өтіп, жеңімпаздар арнайы сыйлықтарға ие болды. Ғимарат алдына жиналған қала тұрғындары мен қонақтары қолөнер бұйымдары қойылған сөрелерді аралап, жәрмеңкеден естелік сыйкәделерге ие болды.
Масленицаға арналған концерттік бағдарлама ассамблея ғимаратының көрермендер залында жалғасты. Іс-шара барысында қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары Мұратәлі Қалмұратов сөз алып, мерекелік құттықтауын жеткізді. Ол өз сөзінде Масленица мерекесі жарқын жылулықтың, ерекше шаттықтың мерейлі мерекесі екендігін айта отырып, бұл мейрам Қазақстанның мәдениетін толықтырған, дәстүрін байытқан қызықты іс-шаралардың көшін бастайтындығын жеткізді. «Қыстың қыспағынан құтылып, арқа-жарқа бас қосатын, мейрам-шаттыққа бөлейтін құлпырған көктемге аяқ басып келеміз. Адам баласы көктемді жастық шаққа теңейтін болса, қайта келген жастық шағын талай жан зор сағынышпен, ерекше ықыласпен қарсы алар еді. Масленица мерекесі де адамның аңсар арманын мәністейді. Қарттықтың құрсауынан құтылуды, жастықтың арманына жетуді білдіреді»- деді ол.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444