Берік Құрманғали Президенттің баспасөз хатшысы болып тағайындалды
«Мемлекет басшысының Өкімімен Берік Уәлиұлы Құрманғали Қазақстан Республикасы Президентінің Баспасөз хатшысы қызметіне тағайындалды», — делінген Мемлекет басшысының Өкімінде. Бұл қызметте болған Айдос Үкібайдың басқа жұмысқа ауысуына байланысты Қазақстан Республикасы Президентінің баспасөз хатшысы қызметінен босатылғаны айтылады. Құрманғали Берік Уәлиұлы 1977 жылғы 4 қаңтарда Шығыс Қазақстан облысы Тарбағатай ауданы Ойшілік ауылында дүниеге келген. Ұлты қазақ, білімі жоғары. 1997 жылы Т.Жүргенов атындағы Қазақ мемлекеттік театр және кино институтын кинотанушы-редактор мамандығы бойынша аяқтаған, 2005 жылы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін журналистика магистрі мамандығы бойынша бітірген. Еңбек жолын 1997 жылы «Таң» телерадиокомпаниясының «Алматы жаңалықтары» ақпараттық бағдарламасының репортері, шығарушы редакторы, «Апта айнасы» бағдарламасының жүргізушісі қызметтерінен бастаған. 1998-1999 жылдары НТК телеарнасының «Жаңалықтар» ақпараттық бағдарламасының редакторы, шығарушы редакторы болып қызмет етті. «Нұр Медиа» ЖШС-нің жемқорлыққа қарсы медиа орталығының жетекшісі, 2012-2015 жылдары Оңтүстік Қазақстан облысы әкімі аппараты басшысының орынбасары — баспасөз қызметінің басшысы, ішкі саясат және дін істері басқармасының басшысы, 2015-2016 жылдары «Нұр Отан» партиясы төрағасы Бірінші орынбасарының кеңесшісі, 2016-2018 жылдары ҚР Инвестициялар және даму министрінің кеңесшісі, Ақпараттық қамтамасыз ету департаментінің директоры қызметтерін атқарған. Бүгінге дейін ол Жамбыл облысы әкімдігінің ішкі саясат басқармасының басшысы болып қызмет етті.