Тасқыннан кейін автожол учаскелері қайта жөнделді
Бүгін Қазақстандағы су тасқыны салдарынан зардап шеккен автожолдардың жай-күйі жөнінде ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің медиа-орталығында брифинг өтті. ҚР ИДМ Автомобиль жолдары комитеті «Қазақавтожол» РМК-ның 2017 жылдың бірінші тоқсанындағы жұмыс қорытындысын баяндады.
«Қазақавтожол» РМК Бас директоры Ұлан Әліпов өз мәлімдемесінде кәсіпорынның басты міндеттері мен ағымдағы қызметі туралы айтып өтт. Оның айтуынша, су тасқыны басталғаннан бері қарғын судың автожол үстінен 96 рет асып төгілуі тіркелді. Су тасқыны салдарынан 42 учаскеде автомобиль жолдары мен жолдағы жасанды құрылыстар бұзылып, зардап шеккен. 2016 жылы болған су тасқынымен салыстырғанда, судың жолдан асып төгілуі былтырғы көрсеткіштен 3 есе, жолға және жасанды құрылыстарына зақым келтіруі — 2,5 есе асып түсті.
Сондай-ақ, барллығы 41 автожол учаскесі бойынша су тасқыны зардаптарын қалпына келтіру аяқталған. 180 метр жол қабаты, 7,1 мың метр жол жиегі, 13 су өткізу құбыры қалпына келтірілген. Ұлан Әліпов «Кешенді мақсатты бағдарлама» аясындағы екі айлық жұмыстардың бағыттары туралы тоқтала келіп: «Шұңқыр жөндеу, жолтабандар (сораптар) мен жол тарамдарын жою, жол белгілерін орнату, жол қоршауларын жөндеу, жүргін бөлікті сызып белгілеу, автопавильондар мен демалыс алаңдарын жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі таңда барлық жұмыс кестеге сәйкес атқарылуда және биылғы жылдың 15 маусымына дейін КМБ жоспарының 60%-ын орындау жоспарланып отыр», — деді. Естеріңізге сала кетейік, тасқын суға байланысты ШҚО, ОҚО және Қарағанды облысындағы республикалық маңызы бар жолдардың түрлі бөліктерінде көлік қозғалысына шектеу қойылған болатын. ШҚО-да тасқын су жағдайына байланысты «Семей-Қайнар» автожолының 8-166 шақырымдарында (27 шақырымда су жайылған) барлық көлік түрлерінің қозғалысына шектеу енгізілді. Аталған учаскені «Семей-Қарауыл» автожолы арқылы айналып өткен. Дәл осы себеппен Оңтүстік Қазақстан облысында «Самара-Шымкент» автожолының 2217-2235 (2229 шақырымда көпір бар) шақырымдарында барлық көлік түрлеріне шектеу қойылған еді. Арыс өзені арқылы өтетін көпірдің жағалау тіректерін су шайып кеткен болатын.