Қаржы министрі Жамбыл облысына келді

Жамбыл облысына жұмыс сапарымен келген ҚР Қаржы министрі Әлихан Смайылов Тараз қаласындағы бірқатар нысандарды аралап, жұмыс барысымен танысты. Алдымен Желтоқсан көшесіндегі бұрынғы «БТА банкі» ғимаратында болған министрге нысанды коммуналдық меншікке қайтарып, оңалту орталығы ретінде пайдалану мүмкіндігі таныстырылды. Соңғы екі-үш жылдан бері бос тұрған ғимарат қазір Ұлттық банктің балансында. Өз кезегінде, қаржы министрі бұл нысанды коммуналды меншікке өткізбей жалдамалы негізде қолдану қажеттігін айтты. Мұнан соң министр Әлихан Асханұлы «Медина» жеке меншік балабақшасында болды. Облыс әкімдігінің білім басқармасы мен балабақша басшылығы мектепке дейінгі тәрбиелеу ісін жан басына қарай қаржыландыруда туындаған мәселелерді көтерді. Айта кету керек жыл соңына дейін облыста тағы да он сегіз жеке меншік балабақша ашылады. Жекеменшік және мемлекеттік әріптестік негізінде салынып жатқан балабақшалар қатары артқан.

«Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы арқылы бой көтеріп жатқан 15 ықшам ауданда болған қаржы министрінің назарына тұрғын үй кешендерін инженерлік инфрақұрылыммен қамтуды қаржыландыру тетігін қарастыру жайы таныстырылды. Қазіргі таңда жаңа ықшам аудандағы көп қабатты тұрғын үйлерді магистралды жылу желісімен қамтуға 2,5 миллиард теңге көлемінде қосымша қаражат қажет. Соңғы жылдары Таразда қолға алынып атқарылып жатқан жұмыстар жетерлік. Құрылыс жедел жүргізілуде. Алдағы уақытта қаладағы саябақтар қайта жаңғыртылып, жаңа көпірлер халық игілігі үшін пайдалануға берілмек. Қала күннен күнге құлпырып келеді. Министр өз кезегінде көне Жібек жолы бойында орналасқан тарихи қаладағы нысандарды аралау арқылы бұған көз жеткізе түсті.

Сол секілді,  қаржы министрі Әлихан Смайылов Айша бибі көшесі мен жол өткелін қайта жаңғырту жобасымен танысты. Бұл жоба қала орталығы мен қала маңы тұрғын үй иіндерімен жолды 14 шақырымға қысқартқан. Сондай-ақ көлік ағынын 40 пайызға төмендетуге мүмкіндік беріп отыр. Алдағы уақытта мұнда жалпы ұзындығы 16 шақырымда құрайтын Қырғызстан шекарасына дейінгі айналма жол салынбақ.

 

 

 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *


444