4 жаңа медициналық орталық ашылды
Емханалар мен ауруханалардағы медициналық құжаттарды цифрлық жүйеге көшіру науқастардың сапалы қызмет алып, уақытын үнемдеуге және медициналық ақпараттың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызмет түрінің жақсаруына ықпал етеді. Елбасы өз жолдауында ауылды жерлердегі алғашқы медициналық-санитарлық көмектің қолжетімді болуын қамтамасыз ету қажет деген болатын. Осыған орай Түркістан облысындағы шалғай ауылдарда бірқатар медициналық пункттер ашылды, деп хабарлайды «Хабар 24» . Медициналық қызмет сапасы халықтың әлеуметтік көңіл-күйініне тікелей әсер етеді. Сондықтан Елбасы биылғы жолдауында барлық деңгейдегі емханалардың медициналық қызмет көрсету сапасының қолжетімді болуын тапсырды. Президент жүктеген міндеттерді қазірден бастап іске асыруға кіріскен денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов халыққа қызмет ұсынатын барлық емханалар мен ауруханалар жыл соңына дейін қағазбастылықтан арылып, құжаттар тек электронды жүйеге көшірілетінін жеткізді. Елбасы өз жолдауында бұл 2020 жылға қарай бүкіл тұрғындардың электронды денсаулық паспорттарын жасауға, кезектерді, бюрократияны жоюға, қызмет көрсету сапасын арттыруға мүмкіндік береді деген болатын. Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі: — 1 қаңтардан бастап міндетті түрде тек электронды жүйе, біз қағаз құжатты қабылдамаймыз. Біз қазір барлық ақпаратты серверден көріп отырмыз. Қандай науқас кімге барды, қандай ем алды, қандай дәрі жазып берді. Бұл өте маңызды, бірінші ден медициналық ақпараттың қауіпсіздігін, тәртіпті, жалпы сапасын көтереді. Сонымен қатар Мемлекет басшысы өз жолдауында шалғай ауылдарда халыққа сапалы қызмет көрсететін медициналық бекеттердің санын арттыруды тапсырған болатын. Мәселен, жақында ғана Созақ ауданындағы Раң ата, Шаға, Ақсүмбе, Балдысу ауылдарында 4 жаңа медициналық орталық ашылды. Жалпы құны 120 млн болатын нысандар соңғы үлгідегі заманауи медициналық құрылғылармен жабдықталған. Осылайша созақ ауданының халқы сапалық медициналық қызметпен 100 пайыз қамтылды. Медет Амандықов, Раң ата елді мекеніндегі медициналық пункттің фельдшері: — Елбасы жолдауында айтылды медицина саласына көп көңіл бөлініп, жағдай жасалып жатыр. Өз кезегінде біз сол жағдайға лайықты боп қызмет атқарамыз деген ниеттеміз. Сонымен қатар Елбасы биылғы жолдауында медициналық қызмет сапасын көтеру ең алдымен алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсететін қызметкерлерді ынталандыру қажет деген еді. Осыған орай науқастарды емдеу ісіне басқарудың жаңа тәсілдерін енгізген учаскелік медицина қызметкерлерінің жалақысы 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап кезең-кезеңмен 20 пайызға өсетін болды. Бұл біріншіден дәрігерлерге мотивация берсе, екіншіден жаңа технологияларды үйренуге жол ашады. Сондай-ақ Елбасы Елордадағы кардиологиялық және нейрохирургиялық кластерлердің тәжірибесіне сүйеніп, Астанадан Ұлттық ғылыми онкологиялық орталық ашуды тапсырды. Сонда деріне ем іздеген науқастар шекара асып, қаржысын шашып, әуре-сарсаңға түспейді. Керісінше, шетелдіктер бізге келіп емделетін болады деді. Елжан Біртанов, ҚР Денсаулық сақтау министрі: — Сонда еліміздегі азаматтарға ең әрі жоғары технологиялық қызмет қолжетімді болады. Көп жағдайда осы технология жетпейтін болғандықтан біздің азаматтар кореяға, басқа мемлекеттерге барады. Оны біз тоқтатуымыз қажет. Жалпы басқа елдің азаматтарын біз өзімізге тартуымыз қажет. Елбасы тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға ден қойған денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов алдағы уақытта жас мамандарды ауылды жерлерге тарту бағытындағы жұмыстардың жалғасатынын жеткізді.